Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылы Қазақстан экономикасы 4 пайызға артады деп мәлімдеген. Бүгін Үкімет отырысында вице-министр Азамат Әмрин экономиканың өсімі ненің есебінен қалыптасатынын нақтылады.
Айтуынша, экономиканың негізгі өсіміне нақты секторлардың есебінен қол жеткізу жоспарланған.
"Мысалы, бізде мұнай-химия кешендері бар. Биыл іске қосылған бұл зауытта 380 мың тоннаға жуық өнім өндіріледі. Жетісу, Ақтөбе облыстарында өңдеу өнеркәсіптері жұмыс істеп тұр. Көлік құрылымы жобалары қарастырылған. Сондай-ақ, экономиканың өркендеуіне мүмкіндік беретін "Достық – Мойынты", "Дарбаза – Мақтаарал" жобалары бар. Оған қоса, құны 1-2 екі триллион теңге болатын 170-ке жуық жоба жоспарланған. Олар да осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады",– деді вице-министр.
Оның айтуынша, жыл сайын 300 триллион теңгеге жуық қаражат экономиканың нақты секторын қолдауға жұмсалады.