Тікелей эфир

ҰБТ тапсыру уақыты 30 минутқа қысқарады. 2024 жылғы тестілеуде қандай өзгерістер бар?

Енді ҰБТ тапсыруға үміткерлерге 3 сағат 30 минут (210 минут) берінеді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы ҰБТ форматына енгізілетін өзгерістерді мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады. 

"ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау пәндері. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы", – деп жазды ғылым және жоғары білім министрі.


Оқи отырыңыз: Мектеп түлектері ҰБТ-да қандай қателіктерді жиі жасайды?


ҰБТ тапсырмалар саны мен жоғары балл өзгеріссіз қалды. Жалпы 120 сұрақ, 140 балл:

  • Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
  • Оқу сауаттылығы – 10 тапсырма;
  • Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма;
  • екі бейіндік пән бойынша – 40 тапсырма.

Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

"Шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер "Қазақстан тарихы" мен "Оқу сауаттылығы" пәндерімен қатар "Математикалық сауаттылықты" міндетті пән ретінде тапсырады. "Математикалық сауаттылықтан" тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған. Сондықтан бұл пән барлық талапкерге міндетті", – деді Саясат Нұрбек.


Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантына ілікпегендерге тегін білім алудың 7 жолын айтты


Министрдің айтуынша, бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, "B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар", "B055 – Математика және статистика", "B063 – Электротехника және автоматтандыру" білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер "Математика-Информатика" комбинациясын тапсырады.

2024 жылы талапкерлер биылғыдай ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Оның екеуі грант тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік берсе, қалған үшеуі ақылы оқуға түсуге мүмкіндік береді. 

Серіктестер жаңалықтары