Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа балама форматы 2027 жылғы наурыздағы тестілеуде пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Informburo.kz тілшісіне айтты.
Министрдің сөзінше, жаңа формат халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдарына түсуге ниетті талапкерлер үшін әзірленіп жатыр. Бұл ретте дәстүрлі ҰБТ жойылмайды. Талапкерлерге тестілеудің өздеріне ыңғайлы форматын таңдау мүмкіндігі беріледі.
Қазір жаңа тестілеуге арналған сұрақтар әзірленіп жатыр. Министрдің айтуынша, оларды жыл соңына дейін дайындау жоспарланған.
Министр жаңа форматты енгізер алдында талапкерлер арасында арнайы сауалнама жүргізілмейтінін атап өтті. Абитуриенттерге бірден екі нұсқаның бірін таңдау мүмкіндігі ұсынылады: дәстүрлі ҰБТ немесе жаңа форматтағы тест.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жаңа форматқа толық көшу процесін бес жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал алғашқы пилоттық тестілеу келесі жылы өткізіледі.
Халықаралық тестілеу нұсқасын әзірлеу жұмыстарын министрлік америкалық ETS компаниясымен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Қазақстанда өткен жылдардың түлектеріне арналған ҰБТ басталды
Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ сертификатын қолдан жасаудың жазасы қатаң екенін ескертті