Түркістан облысының Сайрам ауданында 7 жылға бас бостандығынан айырылған кәсіпкер Хали Сармановтың қорғаушысы келтірген апелляциялық шағым бойынша келесі отырыс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында 7 қазан күні өтетіні белгілі болды. Айыпталушы тарап сот үкімімен келіспей отыр. Ал кәсіпкердің туыстары мемлекет басшысына, БҰҰ адам құқығын қорғау жөніндегі жоғары комиссарының атына Сайрам ауданының құрметті азаматы Хали Сармановты босатуды сұрап, үндеу жолдады. Айтуларынша, қамаудағы бір жыл ішінде сотталушы үш рет инсульт алған.
"Қазына қаржысын миллиардтап қолды қылған шенеуніктер қолхатпен босатылады не үйқамаққа шығарылады. "Денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын түрмеден босатылды" дегенді де жиі естиміз. Бірақ, осындай заң неге Хали Сармановқа қолданылмайды? Денсаулығы дімкәс, жасы жетпіске таяп қалған қариядан қоғамға қандай қауіп бар? Біз Түркістан облысындағы құзырлы органдардың істі әділ әрі ашық қарауын талап етеміз. Себебі, тергеу барысында және алғашқы сот процесінде талай заңсыздыққа жол берілді", – деді Хали Сармановтың ұлы Дәурен Сатыбалдиев.
Еске салсақ, 5 мың гектарға жуық жерді игеріп, ауыл халқын жұмыспен қамтып және оларға жыл сайын тұрақты түрде дивидент таратып отырған "Қайнар Астық" өндіріс кооперативінің төрағасы Хали Сарманов 2020 жылы қамауға алынған болатын. Тағылған айып бойынша, ол өз өкілеттігін теріс пайдалана отырып, кооперативке тиесілі жерді (6 343,74 га жер телімі) аукцион арқылы сатылуына жол берген. Хали Сармановтың үстінен Қылмыстық кодекстің 176-бабының 4-бөлігі "б"-тармағымен және 228-бабымен (1997 жылғы редакцияда) іс қозғалды.
Сот үкімі бойынша Хали Сарманов қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, Хали Сармановтан 61 009 600 теңге мөлшерінде материалдық шығын және мемлекет пайдасына 1 830 288 теңге мөлшерінде сот шығындары (мемлекеттік баж) өндірілген болатын.
Сот үкімімен келіспеген кәсіпкердің туыстары, сонымен бірге шаруа қожалығының 200-ден астам жұмысшысы істің қайта қаралуын талап етіп отыр. Мемлекет басшысының атына бейнеүндеу жолдаған кәсіпкердің ұлы Дәурен Сатыбалдиевтің айтуынша, Түркістан облысының полициясы мен прокуратурасы Хали Сармановтың заңсыз қылмыстық қудалауға ұшыратып отыр. Осыған орай, 500-ден астам адам қол қойған петиция жарияланып, шаруа қожалығының 200-дей мүшесі Түркістан облысының полициясы мен прокуратурасы ғимаратына келіп, қудалауды тоқтатуды талап еткен.
"Хали Сармановты заңсыз қудалаумен қоса рейдерлік кәсіпті тартып алу әрекеттері де жалғасып жатыр. Біз әділеттілік талап етіп, қанша жерге шағымданғанымызбен керісінше заңсыздықтар мен қысым күшеюде. Қамауда жатқан бір жылға жуық уақыт ішінде әкем үш мәрте инсульт алып, денсаулығы күрт нашарлады. Алайда оны тым құрығанда үй қамағына шығару туралы талабымыз да қанағаттандырылмай отыр. Мемлекет басшынынан Жоғары Сот пен Бас прокуратураға Хали Сармановтың үстінен қозғалған қылмыстық істі қайта тексеруге тапсырма беруін сұраймыз", – деді Дәурен Сатыбалдиев.