Тікелей эфир

Түркістан облысында 10 жыл бұрын ғана бой көтерген мектеп құлағалы тұр

Ауылдың 130 оқушысы басқа елді мекендерге қатынап оқуға мәжбүр.

Түркістан облысының Төле би ауданында қолданысқа берілгеніне 10 жыл толмаған мектеп құлаудың алдында тұр. Қостөбе ауылындағы оқу ғимаратының бүгінде сау тамтығы қалмаған. Қабырғалары сөгіліп, едендері опырылып түскен. Дегенмен, балалар өміріне қауіпті болса да, олар осында күні кешеге дейін оқып келген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мектеп 2011 жылы ашылған. Арада 3 жыл өткен соң мектептің асханасы қирап, кейін ғимараттың қабырғалары ажырай бастайды. Ал биыл мектеп мүлде жабылып, ауыл балалары көрші елді мекендерге қатынап оқып жүр.

"Сыртта оқып жатыр. Қиындық тудырады. Алты шақырым барып келу жолы. Қауіптенеміз", – дейді Қостөбе ауылының тұрғыны Тастан Қуатбеков.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы туралы: Әлімжеттік мәселесін шешеді


Асхананың жабылып қалғандықтан мектепте 8 жыл бойы оқушылар тамақтанатын орын болмаған. Жөндеу жұмыстары жүргенімен, одан нәтиже болмайды. Ал соңғы рет тексеру жүргізген мамандар ғимараттың 80 пайыз тозғанын мәлімдеп, оны жарамсыз деп таныған. Тіпті, "бұзу керек" деген шешім шыққан.

"2011 жылы салынып біткеннен кейін үш жылдың көлемінде асхана жарамсыз деп танылып, қайтадан жөндеу жұмыстарына қойылды. Соттың шешімімен асханамыз бүгінгі таңға дейін жабық", – дейді мектеп директоры Данияр Айтбаев.

Қазір ауылдың 130 оқушысын 24 орындық 2 автобус көрші елді мекендердегі мектептерге тасымалдайды. Қостөбеде жаңа мектеп салынуы мүмкін. Бірақ, әлі нақты шешім жоқ.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары