Тоқаев ХІV Қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Сондай-ақ, оның жаттықтырушыларына да мемлекеттік наградаларды табыстады.

Ақордада ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болғанына тоқталды. Жаһандық бәсекеде отандасымыз Ербол Хамитов алтын және қола медаль жеңіп алды. 

"Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық", – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға да ризашылығын білдірді.  

"Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді. Атлеттеріміздің жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Табысқа жету формуласын бәрі біледі. Алайда асқақ мұратқа қол жеткізу үшін көптеген игіліктен және өмірдің қызығынан бас тартып, қиын жолды еңсеруге екінің бірі тәуекел етпейді. Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін береді. Бұл өте маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы (Италия) жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады. Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Ждановичке "Парасат" ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы "Үміт" мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа "Құрмет" ордені табысталды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз