Тікелей эфир

Тірек мектептердің мұғалімдері жақын ауылдардағы оқушыларға да сабақ береді

Қазақстанда 2019 жылдан бері "Ауылдық аймақтарадғы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру" жобасы іске асырылып келеді.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры Ұзынағаштағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің материалдық базасын толықтай жаңартты. Оқу ордасындағы 37 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары, кітапхана толықтай жабдықталды. Робототехника, STEM кабинеттері, сурет және тігін шеберханасы, ұстахана бар. Жобаға "Қазақстан халқына" қорының 250 миллион теңгеге жуық демеушілік қаржысы жұмсалды.

Ұзынағаштағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп директоры Эльмира Макашованың айтуынша, білім ордасының негізі 1928 жылы қаланған. Ал мектептің қазіргі ғимараты 1970 жылы салынып, 2008 жылы жөндеу жүргізілген. Мектеп тек қазақ тілінде үш ауысымда оқытады. Қазір мұнда 2239 оқушы білім алып, 208 педагог жұмыс істейді. 95 жылдық тарихы бар оқу орны ресурс орталығы ретінде жұмыс істейді.

"Шалғай ауылдардағы бала саны аз, шағын жинақталған 6 мектеппен жұмыс істейміз. Балалар бұрын демалыс кезінде оқыса, қазір өз мектептерінде отырып-ақ онлайн сабақтарымызға қатысады. Жобаға іріктеліп алынғанымыз үшін қуаныштымыз. Материалдық-техникалық базаның жаңартылуымен қатар, жаңа кабинеттер пайда болды. Қазір робототехника кабинетіміз бар. Мұғалімдер бұған дейін қолы жетпеген құралдарды алып, оқушылармен бірге түрлі тәжірибе өткізіп жүр. Бұл оқушылардың да көңілінен шығып жатыр", – дейді Эльмира Макашова.

Фото: furo.kz

Оқи отырыңыз: Бір оқушы үшін – 920 мың теңге. Мектеп не жатақхана салған кәсіпкер мемлекеттен қанша қаржы алады?


Жобаның әкімшілік-ұйымдастыру шығындарына демеушілік ететін AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев НЗМ-мен бірлесіп бес ауыл мектебін жаңарту жобасын бастаған кезде осындай ауқымдағы, республика деңгейіндегі бағдарламаға айналады деп күтпегенін айтты.

"Бүгін осы ортадағы ең бақытты адам мен шығармын. Бұл бастаманың елдің бүкіл аймағын қамтитын нәтижелі жобаға айналып келе жатқанына сенімім мол. Біздің холдинг Қазақстан халқына қызмет етуді ұлы міндет деп таниды, ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту – миссиямыз деп біледі. Осы орайда ауылдағы білім сапасының артуы бизнесіміздің танымына толық сай келеді", – деп атап өтті ол.

Фото: furo.kz

Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен жоба серіктесі – "Назарбаев зияткерлік мектептері" мамандары мектептегі білім беру сапасы мен ортасына қатысты талдау жүргізді. Оның қорытындысының негізінде білім ордасын тірек мектеп ретінде дамыту бойынша ұсыныстар беріліп, мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін қажет курстар белгілеп, жоспар жасады. "Қазақстан халқына" қоры мен AITAS холдингі қаржылай көмек көрсетсе, НЗМ мұғалімдердің біліктілігін арттырып, әдістеме бойынша қолдау көрсеткен.

"Ең алдымен мектептегі білім сапасын тексереміз. Мұғалімдердің біліктілігін сынап, оқушылардың білім стандарттарын қалай меңгергенін анықтаймыз. Мұғалімдердің оқушыларға қойған бағасымен салыстырып, балалардың функционалды сауатына мониторинг жүргіздік. Енді келесі жылы да осы мониторингті қайталап, сапаның қалай артқанын бақылаймыз. Біз үшін нәтиже маңызды. Сонымен қатар мұғалімдердің сабағына қатысып, олардың әдістемелік қажеттілігін анықтаймыз. Жеке сөйлесіп, қандай көмек керек екенін сұраймыз. БББО, ПШО сынды төрт мекеме мұғалімдермен жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады, байланысты үзбейміз. Ұстаздарға тиімді болып, білім сапасы көтерілсе, бұл тәжірибені басқа да мектептермен бөлісе аламыз", – деді "НЗМ" ААҚ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова.

Фото: furo.kz

Оқи отырыңыз: Жеке спорт залдары мен пән кабинеттері. Жайлы мектептің қазіргі мектептен айырмасы қандай болады?


Мектеп директорының айтуынша, НЗМ мұғалімдермен арадағы жұмысты қазан айында бастап кеткен. Мамандар алдымен мұғалімдердің білімін байқап, тест алған. Одан кейін біліктілікті арттыру курстарын жүргізген. Қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді. Директор бірнеше курс, семинар өткізілгенін айтты.

"Мұғалімдер күнделікті сабақ жоспарын құрудан бастап, жаңа сабақ беру әдістерін, оқушыларды тиімді бағалауға дейін үйренді. Әдістеме толық жаңарды дей аламыз. Сабаққа бақылаушы болып қатысқанда да оқушылардың белсенділігі артқанын байқап жүрміз. Қазір оқушылар ойын айтуға асық, еркін жеткізеді. Пән апталығын, онкүндіктер ұйымдастырып, әр пәннің оқытылуын бақылап, сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін байқап жүрміз", – дейді мектеп директоры.

Фото: furo.kz

Оқи отырыңыз: 5 жылда Қазақстандағы оқушылар саны 5 миллионға жетеді


"Қазақстан халқына" қоры, "Назарбаев Зияткерлік мектептері", AITAS холдингі, Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолға алған ауылдық тірек мектептерді дамыту жобасы аясында 17 аймақта тірек мектептердің материалдық базасы жаңартылып, мұғалімдер оқудан өтті. Биыл ел бойынша тағы 53 мектепті қамту жоспарланып отыр.

"Жақында Оқу-ағарту министрімен осы салаға қатысты заңның толық орындалмайтыны туралы тілдестік. Ендігі кезекте тірек мектептердің мұғалімдерін тек өз оқушыларымен шектелмей, аймақтағы басқа мектептің ұстаздарын да оқыта алатын деңгейге жеткізу керек. Елімізде ауыл мектебіндегі білім сапасы төмендеп барады. Сондықтан бұл мәселені шешетін жалғыз жол – заңды күшейту. Елдегі барлық тірек мектепті қаржыландырғымыз келеді, алайда қаражат шектеулі. "Назарбаев зияткерлік мектептеріне" белгілі бір топқа арналған жеке мектеп деп қарайтын. Осы жоба аясында оның көп мектепке үлгі бола алатынын көрсеттік. Мектеп қатары толығуы үшін серіктестер санын да арттыру керек, өйткені жобаға атсалысып жатқан компаниялар мен қорлардың мүмкіндігі шектеулі. Игі іс жалғасын табу үшін көмек керек", – деді "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Серіктестер жаңалықтары