Тікелей эфир

Бір оқушы үшін – 920 мың теңге. Мектеп не жатақхана салған кәсіпкер мемлекеттен қанша қаржы алады?

Мемлекеттік тапсырыс төлемдері аяқталғаннан кейін мектеп пен жатақхана кәсіпкердің меншігінде қалады. 

Қазақстанда жекеменшік мектеп салған кәсіпкерлер мемлекеттен жылына бір оқушы үшін –  921 200 теңге, ал жатақхана салған кәсіпкерлер жылына бір студент үшін 672 750 теңге ала алады. Бағдарлама шарты "Қаржы орталығы" АҚ сайтында баяндалған. 

Мектеп салу не қайта құру. Кәсіпкерлер мемлекеттен мектеп салғаны үшін – 1 оқушыға жылына 96 АЕК, ал бар ғимараттың мектеп етіп қайта құрғаны үшін 1 оқушыға жылына 47 АЕК алады. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы норматив бойынша, бір оқушыға жылына орта есеппен 590 000 теңге төленеді. Төлемдер 8 жыл бойы тұрақты түрде жасалады. 

Айталық, 100 орындық жаңа жекеменшік мектеп салған кәсіпкер мемлекеттен жылына шамамен 92 млн теңге, ғимаратты 100 орындық жекеменшік мектеп етіп қайта құрған кәсіпкер 75 млн теңге шамасында қаражат алады. 

Бұған қоса, кәсіпкер мектепте оқу ақысын өзі белгілейді. Алайда, төлемақы қазақстандық оқыту нысаны үшін жылына 1200 АЕК-тен, халықаралық оқыту нысаны үшін жылына 2400 АЕК-тен аспауы қажет.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Мектеп салуға бөлінген қаражаттың талан-таражға салынуына жол бермеу қажет


Жатақхана салу не қайта құру. Мемлекеттік субсидия студенттер үшін жатақхана салған кәсіпкерлерге де төленеді. Мемлекеттік тапсырыс төлемдері құрылыс аяқталғаннан кейін басталады.

Субсидия мөлшері жаңадан салынған жатақханада бір студент үшін жылына – 195 АЕК (6 жылда – 4 млн теңгеден жоғары).

Ал ғимаратты жатақхана етіп қайта құрған жағдайда бір студент үшін жылына 47 АЕК (8 жылда 1 297 200 теңге) ала алады. 

Айталық, 100 орындық жаңа жатақхана салған кәсіпкер мемлекеттен жылына шамамен 67 млн теңге, ғимаратты 100 орындық жатақхана етіп қайта құрған кәсіпкер 16 млн теңге шамасында қаражат алады. 

Сонымен қатар кәсіпкер студенттерге жатақханада тұру ақысын өзі белгілеуге, ғимаратта дүкен, шаштараз сынды коммерциялық нысан ашуға құқылы.


Оқи отырыңыз: 2022 жылы 90 мыңға жуық студентке жатақхана жетіспеуі мүмкін


Екі жағдайда да мемлекеттік тапсырыс төлемдері аяқталғаннан кейін мектеп пен жатақхана кәсіпкердің меншігінде қалады. 

Статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстан мектептерінде 270 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Соның ішінде Түркістан облысы, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр.

Сондай-ақ, 63 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Әсіресе, Алматы және Астана қалалары мен Түркістан облысындағы студенттерге жатақхана жеткіліксіз.

Серіктестер жаңалықтары