Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарына берген жауабында "TikTok" онлайн-платформасының қызметі Қазақстанда қандай жағдайларда шектелетінін түсіндірді.
Оның сөзінше, "TikTok" платформасын реттеу мақсатында халықаралық тәжірибе зерттелген.
"Зерттеу көрсеткендей, қосымшаны пайдалану негізінен екі жағдайда шектеледі. Олар: орынсыз контенттің болуы, өскелең ұрпақтың психикасы мен адамгершілік тұрғыдан дамуына зиян келтіруі мен аудиторияға теріс әсер берген жағдайлар (Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Индонезия, Өзбекстан)", – деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: TikTok желісін бұғаттағаннан Қазақстан ұта ма, ұтыла ма? Сарапшылар талдауы
Үкімет басшысы биыл "TikTok" онлайн-платформасының бөлім басшысына заңсыз контенттердің бәрін жою бойынша іс-шараларды жедел әрі толық көлемде жүзеге асыру қажеттілігі және олар орындалмаған жағдайда "TikTok" платформасына мемлекет аумағында шектеуге толық негіздер бар екені қатаң түрде ескертілгенін айтты.
"Кездесу нәтижесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге анықталған 140 деструктивті аккаунт пен 6500 сілтемені (балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін) жою туралы тапсырылды. Онлайн-платформаның өкілдері Қазақстанның ресми органдары көрсеткен заңсыз контентті міндетті түрде қаралатыны және біржола бұғатталатыны жөнінде сендірді. "TikTok" платформасының меншік иесі аталған сілтемелерді жоймаған жағдайда, Заң талаптарына сәйкес, еліміздің аумағында шектеу бойынша мәселе қарастырылады", – делінген Олжас Бектеновтың жауабында.
Үкімет басшысының дерегінше, "TikTok" онлайн-платформасында 2023 жылы барлығы 9229 бұзушылық, 2024 жылғы қаңтар мен мамыр аралығында 1535 бұзушылық анықталған. Аталған бұзушылықтар бойынша "TikTok" онлайн-платформасының меншік иесіне жою үшін 144 ескерту жіберілген.