Тікелей эфир

Теңгенің 30 жылдығына арналған мерекелік медаль әзірленеді

Онымен Қазақстан және шетел азаматтары марапатталады.

Қазақстанда ұлттық валюта – Қазақстан теңгесінің айналысқа енгізілгеніне 30 жыл толу құрметіне арналған мерекелік медаль әзірленеді. Ұлттық банк президент жарлығының жобасын жариялады. 

Медаль Қазақстан теңгесінің және қаржы жүйесінің дамуына және нығаюына, ел мемлекеттілігінің қалыптасуына және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетел азаматтарына беріледі.


Оқи отырыңыз: Тест: Теңгенің тарихын жақсы білесіз бе?


"Теңгеге 30 жыл" мерекелік медалінің эскизі

"Теңгеге 30 жыл" мерекелік медалінің сипаттамасы:

Медаль ілгіштен және қатқыл лентасы бар тағаннан тұрады. Диаметрі 32 мм дұрыс шеңбер нысанында мельхиордан – никельмен мыс қоспасынан жасалған.

Мерекелік медальдің бет жағының (аверсінің) орталық бөлігінде мерекелік күнді білдіретін және оның тарихи маңыздылығын арттыра түсетін "30" санының ірі бейнесі орналасқан, санның жоғарғы жағында бас әріптермен "ТЕҢГЕГЕ" деген жазу, сол жақта "ЖЫЛ" деген жазу бейнеленген.    

"30" санының бейнесі қарқынды дамып келе жатқан жаһандық цифрлық әлемде динамикалық қозғалысты, белгіленген вектор мен бағытты бейнелейтін шығыңқы бедерлі сызықтар түрінде мерекелік медальдің бүкіл бетінде бірнеше рет қайталанады. Мерекелік медальдің сырт жағында (реверсінде) дайындаушы – Қазақстан теңге сарайының логотипі бейнеленген.

Ілгіш құлақша мен сақина арқылы тағанға жалғанады. Биіктігі 40 мм тікбұрыш нысанындағы таған екі жағынан ені 25 мм тесіктері бар екі көлденең төртбұрышты нысандармен қосылған.

Таған ені 20 мм жасыл түсті қатқыл лентамен – толқын тәрізді құбылмалы тығыз жібек матамен тысталған. Қатқыл лентаның сырт жағында мерекелік медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітілетін бекітпе бар.


Оқи отырыңыз:  Қазақстанда спортшы-жауынгерлерді марапаттауға арналған жаңа төсбелгі енгізіледі


Марапатқа қажет шығыстар ҚР Ұлттық банкі бюджетінің қаражаты есебінен өтеледі.

Құжат жобасы 21 сәуірге дейін жария талқыға ұсынылған. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары