Тікелей эфир

Қазақстанда спортшы-жауынгерлерді марапаттауға арналған жаңа төсбелгі енгізіледі

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің бұйрық жобасында жазылған.

Қазақстанда "Үздік спортшы-жауынгер" және "Спортшы-жауынгер" төсбелгілері енгізіледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің бұйрық жобасында жазылған.

"Үздік спортшы-жауынгер" төсбелгісі / Фото: құжаттан скрин

"Үздік спортшы-жауынгер" төсбелгісі екі бөліктен тұрады. Жоғарғы жағында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің нышаны – жұлдыз және екі жағында дөңес қырлары бар жылтыр алтын түстес ұлттық ою-өрнек салынған жеті гүл күлтешесі бар диаметрі 20 мм көгілдір түсті шеңбер болып келеді. Екі шеңбердің арасында "Спортшы-жауынгер" деген алтын түстес жазу, шеңбердің ортасында алтын түстес жүгірушінің бейнесі бар.

Белгі құлақша мен шығыршық арқылы қалқан нысанындағы тағанға бекітіледі. Таған ортасына "Үздік" деген жазу орналасқан. Тағанның қырлары мен жазу жылтыр алтын түстес.

Төсбелгі киімге бұрандамен бекітіледі.

Ал І, ІІ дәрежелі "Спортшы-жауынгер" төсбелгісінің жоғарғы жағында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің нышаны – жұлдыз, төменгі жағында қалқан және екі жағында дөңес қырлары бар жылтыр алтын түстес ұлттық ою-өрнек салынған алты гүл күлтешесі бар диаметрі 20 мм көгілдір түсті шеңбер болып келеді. Екі шеңбердің арасында алтын түстес "Спортшы-жауынгер" деген жазу, шеңбердің ортасында алтын түстес жүгірушінің бейнесі бар.

Жоғарғы жағында диаметрі 12 мм қызыл түсті бесбұрышты жұлдыз орналасқан, оған мемлекеттің нышаны салынған. Жұлдыз қырлары мен нышан алтын түстес. Белгі жазуы мен бейнелерінің бедері шығыңқы жылтыр.

Белгі тұтас қалыпталған. Ол киімге бұрандамен бекітіледі.

Серіктестер жаңалықтары