Тікелей эфир

"Тәуелсіздік ұрпақтары": Алматы жастарына инновациялық идеясы үшін грант беріледі

"Тәуелсіздік ұрпақтары" гранттарын беру жобасы – Алматы қаласында тұратын 14 – 35 жас аралығындағы жастар бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған.

2023 жылдан бастап гранттар алғаш рет өңірлік деңгейде берілетін болады. Байқауға өтінімдер 2023 жылдың 15 тамызы мен 10 қазаны аралығында қабылданады. Бұл туралы іс-шара ұйымдастырушылары Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

"Қазіргі уақытта Алматы қаласының жастар саясаты басқармасының қолдауымен "Алматы Студенттер Альянсы" корпоративтік қоры қала жастарына арналған "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранттарын беруге конкурс жариялады. Жоба Алматы қаласының тұрақты тұрғыны болып саналатын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар бастамаларын іске асыруға бағытталған", – деді гранттарды беру жөніндегі іс-шараны ұйымдастыру жобасының жетекшісі Шырын Тленчиева.

Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:

  1. "Ғылым" – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;
  2. "Мәдениет" – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;
  3. "Ақпараттық технологиялар" – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;
  4. "Бизнес" – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;
  5. "Медиа" – жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.

Гранттың мөлшері мен саны әр бағыт бойынша анықталады. Бір гранттың мөлшері – 1 миллион теңге. "Ғылым", "Ақпараттық технологиялар" және "Бизнес" бағыттары бойынша 3 жеңімпаздан, ал "Мәдениет", "Медиа" бағыттары бойынша 2 жеңімпаз анықталады. Жалпы конкурс аясында 13 үміткердің жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар.


Оқи отырыңыз: Қарызы бар адамдардың қаржылық сауатын арттыратын жоба іске қосылды. Оған қалай қатысуға болады?


Жалпы конкурс екі кезеңде өткізіледі:

I кезең – уәкілетті органның конкурстық өтінімдерді қабылдауы және талаптарға сәйкестігін қарау;

II кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурс жеңімпаздарын анықтау.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады:

1) Жобаның сипаттамасын;

2) жобаның бейне-таныстырылымын (60 секундтан аспайтын);

3) шығыстар сметасының жобасын;

4) зияткерлік меншік туралы мәліметтерді (бар болса) ұсынуы тиіс.

Ұйымдастырушы конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын анықтау туралы хаттамасының негізінде конкурс жеңімпазы банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынғаннан кейін конкурс жеңімпазымен шарт жасасады.

Конкурстың кәмелетке толмаған жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен шарт жасасады.

Грант алушы 3 айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы есепті ұйымдастырушыға ұсынады. Ұйымдастырушы күнтізбелік 1 жыл ішінде грант қаражатының нысаналы пайдаланылуына, оның ішінде грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторингті жүзеге асырады.


Оқи отырыңыз: Алматыда ерекше баласы бар аналар қалай жеке кәсібін бастай алады?


 

Серіктестер жаңалықтары