Тараздағы Шөлдала елдімекенінің тұрғындары мал шаруашылығының жағымсыз иісінен әбден мезі болып, облыс әкімінен көмек сұрауда. Тұрғындардың айтуынша, сасық иістен тыныстары тарылып, мазалары қашқан. Тіпті, көршілерінің шошқа ұстауының кесірінен денсаулығы нашарлаған жандар көбейген. Ал жергілікті билік өкілдері бұл мәселені шешуге мүмкіндіктердің шектеулі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Төрт түліктен шыққан иіс бүкіл ауылдың берекесін қашырып, тынысымызды тарылтты", – дейді жергілікті тұрғындар. Олар бұл жағдай денсаулықтарына кері әсер етіп жатқанын айтып шағымданады.
"Үйдің іргесінде тұрамын. Бұл иіске шыдау мүмкін емес. Жайсыз иістің кесірінен не аулаға шыға алмаймыз, не үйге кіре алмаймыз. Тіпті қонақ та шақыра алмаймыз", – деді Шөлдала елді мекенінің тұрғыны Гүлбану Адамбаева.
Шыдамы шегіне жеткен шөлдалалықтар қолайсыздық тудырған көршісінің бұл әрекетіне қынжылмайтынын жеткізді. Тұрғындардың шағымданбаған мекемесі, қақпаған есігі қалмаған, бірақ әлі күнге дейін оң нәтиже жоқ.
"7-8 жылдан бері тыныс жолдары ауруымен ауырамын. Ауа жетпей, өкпем қысылады. Өзім де медицина саласында қызмет еттім. Жауапты органдар бұл мәселені шешіп берсе екен. Неге үйіне кіріп тексермейді?" – деді Шөлдала елді мекенінің тұрғыны Райгүл Өмірзақова.
Оқи отырыңыз: "Біз үшін өліп пе?" Аза тұту күні TikTok желісінде тәртіп бұзған тұрғынға сот үкімі шықты
Тұрғындарды ауласына жақындатпаған кәсіпкер қарсылық танытып, жанжал шығаруға тырысты. Кейін полиция шақырып, жиналған жұртқа сес көрсеткен. Оның бұл әрекетін халық "көршілер иіске көндіксін, болмаса көшіп кетсін" деген сес деп қабылдады. Осылайша екі жаққа бөлінген тараптарды сабырға шақыру үшін оқиға орнына полиция мен шенеуніктер жетті. Бірақ бұл кездесуден нәтиже болмады. Өйткені қолданыстағы заңнама аясында әкімдік өкілдері қолдан келер шараның жоқ екенін айтады.
"Өз басым мұнда төрт рет келдім. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары да қатысты. Шошқа басын азайтып, көршілерге зиян келтірмеуін сұрадық. Кейін СЭС мамандарымен келгенімізде де ешқандай нәтиже шықпады. Соңғы кезде тіпті үйіне кіргізбей қойды. "Жеке шаруа қожалығы" туралы құжатын талап еткенімізбен, ұсынбады", – деді Жібек жолы ауданы әкімдігінің бас инспекторы Жарас Алтынбеков.
Бұған наразы болған тұрғындар ауласын малға толтырған көршісіне заңды түрде шектеу қойылмайынша тоқтамайтындарын жеткізді. Белгілі болғандай, қала іргесіндегі бұл елді мекенде шошқа өсірумен айналысатын үш азамат бар.