Құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Айгерім Құсайынова Информбюро порталына берген сұхбатында үй шаруасындағы әйелдердің еңбегіне ақы төленуі керек екенін айтты.
"Төленбейтін еңбеақыны ғылымда "екінші маусым" деп атайды. Еңбек кодексіне сәйкес әйелдер аптасына 40 сағат жұмыс істегені үшін жалақы алады. Бірақ оған қоса еленбейтін үйде жасайтын жұмысы бар. Тамақ пісіру, кір жуу, балалармен сабақ оқу, туыстарыңызбен әңгімелесу, киім үтіктеу, үй жинау да еңбек. Қазақстанда еңбек нарығындағы әйелдердің үлесі – 48 пайыз. Жұмыссыздар мен төмен жалақы алатындардың арасында әйелдер көп. Кедей халықтың 70 пайызы – әйелдер. Бұған әйелдің әлеуметтік жағдайы, яғни Қазақстан жағдайында жоғары білім алмаған немесе білім алып жатқан кезде тұрмысқа шыққан әйелдердің күйеуіне экономикалық тәуелді болуы себеп. Жұмыс істемеген соң күйеуінің жалақысын бөлісуге мәжбүр", – деді Айгерім Құсайынқызы.
Гендерлік теңдік және гендерлік экономика бойынша сарапшының айтуынша, қазақстандық әйелдер орта есеппен күніне 4 сағат 13 минут тегін жұмыс істейді. Бұл кей облыстарда алты-жеті сағатқа дейін жетеді.
"Жұмыс істемейсіз, бірақ та үй шаруасындағы әйел болсаңыз да сіздің көрінбейтін жұмысыңыз бар. Оны ғасырлар бойы келіндік міндетіңіз деп қарап келді. Бұл дұрыс емес, себебі келіндік қызмет тұрмыстағы құлдық деп аталады. Әлбетте, бұл қазақ қоғамына жат естіледі. Ыдыс жуу, кір жуу, тамақ жасау тек қана әйелдің міндеті емес, оны бөліп істеу керек. 21-ғасырда әйелдер де еркектер сияқты жұмыс істейді, шаршайды. Бірақ та неліктен әлі де үй шаруасын тек әйелдің міндеті деп есептейміз? Бұл барып тұрған әділетсіздік қой", – деді сарапшы.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық әйелдердің жартысына жуығы үй шаруасына күнделікті 6 сағат жұмсайды – зерттеу
Құқық қорғаушы бұл мәселені мемлекет есебінен ақы төлеп шешуге болатынын айтты.
"Дүниежүзілік банктің есептеп қойған формуласы, алгоритмі дайын, ғылыми базасы бар. Мемлекет жұмыс істеген уақытын үстемеақы ретінде төлеп беріп отырады. Ол ақшаны әйел сандықтың түбіне тығып қоймайды, ақша макроэкономикалық айналымда жүреді. Әйелдерге үй жұмысындағы еңбегіне ақы төлемегендіктен бүкіл мемлекет 8 трлн АҚШ долларын жоғалтып отыр. Экономикада ақша көп болған сайын мемлекет дамиды. Сол үшін бұдан мемлекет те, әйел де, еркек те ұтады. Сегіз сағат жұмыстан үйге келіп, төрт сағат жұмыс істеген әйел қажиды, эмоционалды шаршайды. Ол карьерасын өсіруді ойламайды, себебі үй жұмысы еленбейді, міндет болып саналады. Мұның әділетсіздік екенін мойындап, мемлекет ретінде талап етуіміз керек. Үй жұмысын келін жасауға міндетті емес деп айтуымыз керек", – деді Айгерім Құсайынқызы.