Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, тұрғындар газдан уланып көз жұмған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қайғылы жағдай қала орталығындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Түскі сағат бір шамасында үшінші қабатта тұратын тұрғын жұмыстан үйіне келіп, өзін жайсыз сезінген соң сыртқа шығып, көмек сұраған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жуынатын бөлменің есігін бұзып кіргенде 18 жастағы студент қыздың мәйітін тапқан.
Араға екі сағат салып төтенше жағдай қызметінің мамандары үйге қайта келген. Тексеру барысында төртінші қабаттағы тағы екі пәтерден үш адамның денесі анықталған. Олардың арасында терезені ашуға талпынып құлаған студент жігіт, оқушы қыз және 32 жастағы келіншек бар.
Көршілердің айтуынша, марқұм келіншек бұл пәтерге жуырда ғана көшіп келген. Оның артында үш қызы — 2, 4 және 5 жастағы балаларымен күйеуі қалды. Қайғылы оқиға болған сәтте күйеуі жұмыста, ал қыздары балабақшада болған.
Тұрғындардың сөзінше, газдың тарағаны туралы алғашқы жағдай тіркелгеннен кейін тиісті қызметтер барлық пәтерді толық тексермеген болуы мүмкін. Қазір оқиғаға қатысты мән-жай анықталып жатыр.
USD:
463.1 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13