2,5 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікті Вьетнамда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті сот сараптамасы органдарына арналған жабдықтардың құнын бірнеше есе негізсіз көтеру арқылы бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
ҚМА мәліметінше, бұл қаражат 2023–2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында бөлінген. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті өзге тұлғалармен сөз байласып, жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы жабдықтардың құнын үш есеге дейін өсірген.
"Іс бойынша бұрын орталық директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және екі компанияның басшысы кінәлі деп танылып, олардың мүлкі тәркіленген. Сот оларға 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Ұйымдастырушы 2025 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланып, биыл Вьетнам аумағында ұсталған. ҚМА, Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ол Қазақстанға жеткізілді", – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.