Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің баяндамасын сынға алып, өңірдегі бірқатар жоба бойынша жұмыстың баяу жүріп жатқанын айтты.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыста "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жалпы құны 62,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға тиесілі төрт жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге, ал қалған алты жобаны "АЖК" АҚ жүзеге асырады.
Әкімнің сөзінше, жылумен жабдықтау саласындағы екі жоба бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалып, жоспарланған жұмыстың 50 пайызы орындалған. Сондай-ақ ол 2027 жылы жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын тағы 14 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтып, келісімшарттар жақын уақытта жасалатынын жеткізді.
Баяндамадан кейін Олжас Бектенов облыста бірқатар жоба бойынша келісімшарттардың әлі жасалмағанына назар аударып, жұмысты жеделдетуді талап етті.
Премьер-министр әкімнің баяндамасына көңілі толмағанын ашық айтып, жауапкершілікті өзгеге аудармауға шақырды.
"Сізді тыңдасақ, сізден басқасының бәрі кінәлі екен. Бағана айттым ғой, тездетіңіздер", – деді Олжас Бектенов.