Тікелей эфир

Шымкентте қаңғыбас иттер қабірлерді қазуда

Шырақшылар иттер мүрделерді жеп кетпес үшін күндіз-түні күзетіп жүр.

Бұралқы иттер адамдарға да шабуылдай бастаған көрінеді. Жыл басынан бері ит қауып, ауруханаға түскендер саны 1700-ге жуықтаған. Бұл туралы otyrar.kz жазды.

Шымкентте қаңғыбас иттер мола аралап, қабірлерді қазып жүр. Ынтымақ шағынауданының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Сөздерінше, иттер таңертеңнен кеш батқанға дейін тынбай қабір аршиды. Мазарат шырақшылары қаңғыбас төрт аяқтылардың қазған жерін көміп әлек екендерін айтты.

"Иттерден  шаршадық. Күнде қазып жатыр. Қаншасын қуып жатырмыз. Арыз да жаздық. Жақында бұл мәйіттерді сыртқа шығара ма, жейді ме – білмеймін. Міне, иттер қазып, ал біз арттарынан көміп жатырмыз. Ит ататындар ата алмайды, оғы 3 метрге ғана жетеді", – деді шырақшы Шухратбек Исраилов.

Тұрғындардың сөзінше, дәніккен иттер енді көшедегі адамдарға да шабуыл жасай бастаған. Әсіресе мектеп оқушылары зардап шегіп отыр. Жыл басынан бері ит қапқан адамдардың саны 1700-ге жуықтады. Тұрғындар жақында ғана ит тап берген баланы әрең алып қалғанын айтады.

"Кеше Құртаев көшесінде бір баланы ит талап тастапты. Балаларға да қиын болып жатыр. Ит бір жылдан бері қаптап кетті. Айтпаған жеріміз, істемеген нәрсеміз қалмады", – деді Шымкент қаласының тұрғыны Рысбек Асанұлы.


Оқи отырыңыз: Эколог Қазақстанда ит пен мысықтың санағын жүргізуді ұсынды.



Шымкентте ит аулаумен айналысатын 6 бригада бар. Олар былтыр 40 мың қаңғыбас ит-мысық ауласа, биыл бар болғаны 16800 бұралқыны ұстапты. Жауапты басшылар ит-мысықтарды жаппай жоюға заң мүмкіндік бермейтінін айтып отыр.

"16800 ит ауланып келген болса, оның 13500-ге жуығы өлтірілді. Ал 4200 бас итті зооволонтерлар алып кетті", – деді Шымкент қаласы ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

Айта кетейік, жабайы жануарларды аулап, кастрация жасап, көзін жоюға бюджеттен 264 миллион теңге бөлінген.


Оқи отырыңыз: Экология министрі жануарлар құқығын қорғайтын полиция құру туралы пікір білдірді.


 

Серіктестер жаңалықтары