Тікелей эфир

"Шамадан тыс ақпарат". Сенатор мектептегі пәндерді азайтуды ұсынды

Жоғары палатаның бүгінгі отырысында сенатор орта білімнің сапасына қатысты мәселені көтерді.

Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы мектепте сабақ санын азайтуды ұсынды.

"Бүгінде сапалы білім беру жағынан озық елдерге жататын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канадада мектеп оқушылары 7-8-сыныпта нақты ғылым салаларына қатысты 4-6 пән оқиды. Ал Қазақстанда 15 пән беріледі. 9-сыныпта, тіпті 16 пән оқытылады. Қазақстанда міндетті оқу пәндердің саны 2,5 есе көп, мұндай шамадан тыс пәндердің жалпы саны әлемде бірде-бір дамыған елде жоқ. Бізде химия, биология мен география жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылса, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канада сияқты мемлекттерде осы пәндер топтастырылып, бір ғана, ғылым пәні деп, 324 сағат беріледі, яғни, көлемі де есеге жуық аз оқытылады. Соған қарамастан, соңғы 15 жылдағы PISA қорытындылары бойынша бұл елдерде оқушылардың жаратылыстану сауаттылығы жоғары болып отыр", – деді Алтынбек Нухұлы.

Оның айтуынша, дамыған елдерде пәндердің санын азайтып, білім сапасына басымдық беріледі. Бұдан бөлек, Қазақстанда мектеп оқушыларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта беріледі.

"Озық елдерде керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде прагматикалық тұрғыдан қаншалықты маңызды екеніне көп көңіл бөлінеді, яғни, оқушылардың құзіреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беріледі", – деді сенатор.

Сенаторлар үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, оқушыларға заман талабына сай білім мазмұнын жасауды ұсынды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары