Қазақстанда Қызыл кітапқа енген жануарлар саны қысқарды

Жаңартылған Қызыл кітапта су және су маңы экожүйелерімен байланысты жануарлар айрықша назарға алынған.

Қазақстан Республикасының Қызыл кітабының 5-ші жаңартылған нұсқасында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің саны азайды. Зоология институтының бас директоры Роман Ященконың айтуынша, соңғы 10-15 жылда жануарлар дүниесінің жүйеленуінде елеулі ғылыми өзгерістер орын алып, соның нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілетін түрлер тізімі қайта қаралған.

Ғалымдардың ұсынысына сәйкес, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар саны 227 түрден 217 түрге дейін қысқартылды. Жаңа редакциядан 21 түр алынып тасталып, 11 жаңа түр енгізілген. Сонымен қатар 59 түр мен кіші түрдің латын, қазақ және орыс тілдеріндегі атаулары нақтыланып, әрқайсысына қатысты соңғы жылдардағы саны мен популяциялық динамикасы жөніндегі деректер жаңартылған.

Зоология институтының мәліметінше, Қызыл кітаптың бесінші жаңарған нұсқасы омыртқасыз жануарлардың 82 түрін және омыртқалы жануарлардың 135 түрі мен кіші түрлерін қамтиды. Әр түр бойынша таралу аймағы мен көші-қон жолдарының егжей-тегжейлі карталары жасалып, оларды сақтау жөніндегі нақты ғылыми ұсынымдар берілген.

Жаңартылған Қызыл кітапта су және су маңы экожүйелерімен байланысты жануарлар айрықша назарға алынған. Роман Ященконың айтуынша, қазіргі нұсқада су және су маңы жануарларының 52 түрі қамтылған. Оның ішінде 18 түр – тікелей су жануарлары, ал қалған 34 түр – су маңында тіршілік ететін сирек жануарлар.

Су жануарларының қатарына Түркістан шаяны, Каспий жыланбалығы, Арал мекіресі, Сырдария күректұмсығы сияқты түрлер енсе, су маңы жануарлары арасында Каспий итбалығы, Жетісу бақатісі, Певцов құрбақасы және Орталық Азия кәмшаты бар.

Сонымен қатар Қызыл кітаптан жағдайы салыстырмалы түрде тұрақталған кейбір су экожүйесіне тән түрлер алынып тасталған. Олардың қатарында ұлулардың екі түрі мен инелік күзетші-император бар.

Ғалымдардың пікірінше, су және су маңы жануарлары санының азаюына ең алдымен антропогендік факторлар әсер етіп отыр. Сырдария өзеніндегі су ағысының азаюы өзен экожүйесінің өзгеруіне, ал бұл өз кезегінде Арал теңізі деңгейінің апатты түрде төмендеуіне әкелді. Соның салдарынан арал албырты, Сырдария жалған күректұмсығы, арал қаязы және Түркістан қаязы сияқты эндемик балық түрлері жойылып кету қаупіне ұшырады.

Каспий теңізінде де су деңгейінің төмендеуі байқалып, су және жағалау экожүйелерінің біртіндеп деградацияға ұшырауына себеп болуда. Бұған қоса, климаттың аридтенуі мен мұздықтардың жылдам еруі ішкі су алаптарының қоректенуін әлсіретіп отыр.

Су жануарлары үшін тағы бір маңызды қауіп – өзендерде бөгеттердің салынуы. Бұл маусымдық тасқын сулардың өтуіне кедергі келтіріп, өзен аңғарларындағы экожүйелердің тоқырауына әкеледі. Мұндай жағдайдың айқын мысалы – ортаазиялық кәмшат. Соңғы онжылдықтарда бұл түрдің Қазақстандағы саны күрт қысқарған.

Сонымен қатар бөгде түрлердің енгізілуі де жергілікті фаунаның жойылуына әсер еткен. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырда Оңтүстік Балқаш өңірінің су айдындарына 26-дан астам бөгде балық түрі жіберіліп, соның салдарынан 14 жергілікті аборигендік балық түрінің саны апатты түрде азайған. Ал еуропалық күзен солтүстік америкалық күзеннің таралуы нәтижесінде табиғи мекенінен дерлік ығыстырылған.

Жойылып кету қаупі төніп тұрған су маңы құстарының бірі – жіңішке тұмсықты шалшықшы. Ғалымдардың дерегінше, бұл құстың дүниежүзілік саны 50 дарақтан аспайды, ал соңғы рет 2001 жылы ғана сенімді түрде тіркелген. Қазіргі уақытта бұл түрдің толық жойылып кетуі мүмкін деген қауіп бар.

Зоология институты биоалуантүрлілікті сақтау бағытында халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. "Охотзоопром» институты, БҰҰ Даму бағдарламасы, WWF, Халықаралық табиғатты қорғау одағы және басқа да ұйымдармен бірге арқар, жайран, тоғай бұғысы, Пржевальский жылқысы, қар барысы мен жолбарыс сияқты сирек түрлерді қорғау жобаларын жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, халықтың экологиялық сауатын арттыру мақсатында Зоология институты Canon компаниясымен бірлесіп "Көрінбейтін әлем: су астындағы қала» атты фотокөрмені ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Көрме көктем мезгілінде Алматы қаласында өтеді. Онда Қазақстанның су және су маңы жануарлары, сондай-ақ маржан рифтерін сақтау мәселелеріне арналған бірегей фотоматериалдар ұсынылады.

Ғалымдардың айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау – тек жекелеген елдің емес, бүкіл адамзаттың ортақ міндеті. Өйткені табиғаттағы әрбір түр жаһандық экожүйенің ажырамас бөлігі болып табылады.

Маржан рифтерін қалпына келтіру  мақсатында Canon компаниясы, маржандарды қолдан өсірумен айналысатын британдық Coral Spawning International зертханасы және Сейшел аралдарындағы жетекші коммерциялық емес табиғат қорғау ұйымы Nature Seychelles күш біріктіріп, World Unseen: Coral Matchmaking ("Көрінбейтін әлем: риф романтикасы») жобасын бастады.

Canon компаниясының озық технологиялары зерттеушілерге маржандардың уылдырық шашу үдерісін бұрын-соңды болмаған дәлдікпен бақылауға мүмкіндік береді. Бұл маржандардың көбею биологиясын тереңірек түсінуге жол ашып, ғалымдарға зертханалық жағдайда әртүрлі маржан түрлерін құжаттап, оларды өзара сәйкестендіру арқылы климаттық өзгерістерге анағұрлым төзімді жаңа түрлерін қалыптастыруға жағдай жасайды.

"Жаңа маржан түрлерін Сейшел аралдарындағы рифтердің біріне қоныстандыру жоспарланып отыр. Осы арқылы зертханалық жағдайда өсірілген маржандардың табиғи ортада қаншалықты бейімделе алатынын бақыламақпыз, – дейді Canon компаниясының Қазақстандағы коммуникациялар және әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Марал Рахимжанова. – Алматы қаласында біз су экожүйелеріне арналған көрме өткізуді жоспарлап отырмыз. Көрме аясында маржандарды өсіру зертханасынан алынған фотосуреттер, сондай-ақ Қазақстандағы сирек кездесетін су және су маңы жануарларының бейнелері ұсынылады. Зоология институты мен Қазақстанның танымал жабайы табиғат фотографтары арасынан пікірлес серіктестер тапқанымызға қуаныштымыз. Бірлесе отырып, Қазақстанның бай жануарлар дүниесін және оны сақтаудың неліктен аса маңызды екенін көрсетуді көздейміз. Биоалуантүрлілік пен экологиялық бастамалар туралы білім тек ғалымдарға ғана емес, барша жұртқа қолжетімді болғанын қалаймыз».

Көрмені көктем мезгілінде Алматы қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары