Тікелей эфир

Рауан Кенжеханұлы Білім министрлігімен арадағы дау туралы: Мәселенің нүктесі қойылды

Қор шартта көрсетілген заңды талаптарын алға тартып, сотқа жүгінген болатын.

"Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасына қатысты білім және ғылым министрлігімен арада туындаған мәселенің толықтай шешілгенін мәлімдеді.

"Бұл ауқымды жоба болғандықтан, құжаттар рәсімделуі керек. Түрлі-түрлі бағыттан назар көп болды. Мемлекет те қадағалады, қоғамның да назарында болды. Сол себепті әрбір үтір-нүктесінің қойылуы маңызды еді. Жобаны рәсімдеуде кей құжатқа байланысты үкімет пен білім және ғылым министрлігінде күмән туды. Заң бар, мемлекетпіз. Осы күмәнді сейілту үшін сот билігіне жүгініп, сол жерде мәселе қаралды. Анық-қанығы белгілі болып, істің нүктесі қойылды. Ұлттық аударма бюросына бұл жобаға байланысты ешқандай сұрақ жоқ. Тапсырыс беруші ретінде білім және министрлігі де өзінің түгел күмәнді сауалдарына жауап алды. Мәселе толық шешілді. Сол себепті қазір бұл мәселенің нүктесі қойылды. Екі тарапта да бір-біріне ешқандай сұрақ жоқ", – деді қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Еске салсақ, 2021 жылдың қаңтар айында "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы мазмұндық жағынан аяқталғанын, бірақ тапсырылған жұмысты білім және ғылым министрлігінің қабылдап алмағанын мәлімдеді. Осы орайда, "Ұлттық аударма бюросы" шартта көрсетілген заңды талаптарын алға тартып, сотқа жүгінді.

Мұнымен қатар, Рауан Кенжеханұлы "Ұлттық аударма бюросы" ондаған шетелдік автор мен құқық иеленуші баспалар, бірнеше ірі баспахана және бәрінен бұрын жүздеген аудармашы мен редакторларға қаражат берешек екенін айтқан-ды.

Шілде айында "Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық" жобасына қатысты сот қарауы аяқталды. Он айға созылған тексерістің нүктесі қойылып, "Ұлттық аударма бюросы" әуелі аудан, кейін қалалық сотта өзіне тағылған барлық айыптың негізсіз екенін дәлелдеп шықты. Осы орайда, қор жетекшісі бүгінде министрлікпен арада барлық мәселеге нүкте қойылғанын жеткізді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары