USDUSD: 502.7 / 505.3
  • EUREUR: 543.0 / 547.0
  • RUBRUB: 5.79 / 5.93
Тікелей эфир
Алматы +11C
Все города

Қырғызстанда марқұмның үйінде алғашқы 3 күнде мал сойып, ас беруге тыйым салынды

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Сондай-ақ, бейсенбілігі, жетісі, қырқы және жылына орай да мал союға енді рұқсат жоқ.

Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы Үкімет қаулысының ізімен марқұмдарды жерлеуге қатысты өзінің пәтуасын шығарды. 

Пәтуада ысырыпшылықтың алдын алуға айрықша көңіл бөлінген. Сәйкесінше, енді адам қайтыс болған үйде алғашқы үш күнде мал союға және ас беруге, яғни қазан көтеруге тыйым салынады. 

Мұны діни басқарма бұл күндер марқұмның үй-іші үшін қаралы күн екенімен және асты үйге көңіл айтып келген туысқандары мен көршілері әкелуі тиіс екенімен түсіндіреді. 

Мал сойып ас беруге тыйым салынған күндерге тек алғашқы үш күн емес, бейсенбіліктер, марқұмның жетісі, жиырма күндігі, қырық күндігі, елу екі күндігі және жылы да жатады. Бұл күндері мал сойып, ас беруге тыйым салынады. 

Тағы бір тыйым құран бағыштау күндері келген адамдарға жыртыс таратуға байланысты. Мұндай киіттер ысырапшылық саналады және оларға жол берілмейді. 


Оқи отырыңыз:


Еске салайық, Қазақстанда ас берудегі ысырапшылыққа жол бермеу рәсімі реттелген. Алайда, ол заңды құжат болып саналмайды және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ас беру мәдениеті» атты нұсқаулық құжаты түріндегі сипатқа ие. Оған сәйкес, Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені, құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс. Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлдеқайда сауапты.

Серіктестер жаңалықтары