Тікелей эфир

Құдайы ас беру кезінде қазақстандықтар енді қандай 7 ережені ескеруі қажет

Фото: ҚМДБ
Фото: ҚМДБ
Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды.

Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты "Құдайы ас" деп атайды. "Құдайы ас" атауынан көрініп тұрғандай Алла Тағаланың разылығын алу үшін қайтыс болған адамға арналған ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі. Мұнымен қоса қазақ халқының дәстүрінде Құдайы астың өңірлерге қатысты келесідей атаулары да бар, атап айтқанда: садақа, жабдық, береке жинау, хатым өткізу және тағы басқалар. 

Осы орайда ҚМДБ Informburo сұратынымына берген жауабында Құдайы ас берудің мәнін, қазақ халқының дәстүріндегі құдайы астардың бір-бірінен айырмашылығын және негізгі жеті тірегін түсіндірді. 

"Ас беру мәдениеті" атты концептуалды құжаттың мақсаты қандай?

Қазақстанның барлық аймағында шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына     салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау. Құдайы ас беру ата-бабамыздан келе жатқан халықтық дәстүр мен  ұлттық мәдениетіміз болғандықтан, оның бүгінгі заман талабына сай кейбір тұстарын бір ізге келтіріп, келешек ұрпаққа аманат ету.

Өзектілігі ше?

Әр халықтың өмір салтына қатысты қалыптасқан өз әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Қазақ халқының сан ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлері, соның ішінде діни-танымдық ғұрыптары кеңінен қалыптасқан.

"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" демекші, болашақ ұрпақ үшін дұрыс бағдар беріп, жөн сілтеу мақсатында дәстүрлі діни жөн-жоралғыларымызды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап жүзеге асыру – заман талабы. Қоғамда көрініс тауып отырған, шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ "көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз" деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, астатөк, ағын-төгін дастархан жаюда. Бұл орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді.

Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып "парызымды орындаймын" деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: "Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!" деген.

Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүмкін. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімдерді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдауды басты назарға алып отыр.


Оқи отырыңыз: Қажылық 2025: ҚМДБ қажылық орындарды алуға байқау жариялады


Тарихи түсінік

Қазақ халқында қайтыс болған адамды дәстүр бойынша арулап жуудан бастап, ақ матаға кебіндеу, жаназа намазын оқу, шығарып салу, жерлеу, қоштасу, асын беру, қазаның қайғысын бөлісу секілді діни және ұлттық жоралғылар бар. Осыған қарай құдайы ас беру жоралғысын өткізудің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Халық түсінігінде берілетін астың, оқылған Құранның, жасалған дұға-тілектің қайтыс болған кісіге тигізетін пайдасы мен сауабы жайында терең сенім қалыптасқан. Ал марқұмдарға ас бермеу "ата-бабасын сыйламау, әруақтарды құрметтемеу" деп саналған. Сондықтан құдайы ас берудегі осы жоралғыларды реттеу – өзекті мәселе.

Себебі, уақыт өте келе халық арасында "ата-бабама ас бермесем елден ұят болады, перзенттік абыройымнан айырыламын" деген түсінік қалыптасты. Осылайша құдайы ас бергенде өлілер қамы емес, тірілер ризашылығы (мейрамханада ас өткізу, қымбат дастархан мәзіріне мән беру, т.б.) ерекше назарға алынатын болды. Ендігі кезекте осы сынды бұрыс сенімдерден саналы түрде арылатын уақыт келді. Негізінде тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс.

Құдайы ас берудің мәні

Құдайы астың негізгі мәні – көпшіліктің басын қосып марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау, Алла Тағаланың мейірімін, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатын тілеу, пендешілікпен өткен қателіктері мен күнәлары үшін Жаратқаннан жарылқау сұрау.

Халық дәстүріндегі құдайы астар

Қазақ халқының дәстүрінде марқұмдарға арнап берілетін құдайы астардың бірнеше түрі бар. Мысалы,"үш күндігін беру","жетісін беру","қырқын беру", "жүзін беру", "жылын беру" және т.б. Яғни көңіл айтып келген кісіге дастархан жайып ас беру қазақ халқының қанына сіңіп, дәстүріне айналған. Сондықтан дүниеден озғандарға арналған құдайы астардан бөлек көпшілікке берілетін астар да бар. Ата-анасының, басқа туыстарының дүниеден озғанына бес жылдық, он жылдық, тіпті марқұмның 100 жасқа толуын еске алатын құдайы астың түрлері бар. Әсіресе, қазақ халқының тарихында хандар мен батырларға сондай-ақ, ақын бабалар мен би-шешендерге сауын айтып, арнайы құдайы ас беру дәстүрі кеңінен қалыптасқан.

Шариғат бойынша марқұмның артынан ізгі тілек тілеп, дұға жасаудың сауабы мол. Сол себепті, осындай кәделі күндері марқұмның артында қалған ұрпақтары сауабы тисін деген ниетпен көпшілікке ас беріп, тамақ таратып, Құран оқытып, дұға жасайды.

Құдайы ас берудің діндегі орны

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген "Жаназа және жерлеу рәсімдері" кітабында:

"Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде "міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер" деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс", – делінген ["Жаназа және жерлеу рәсімдері" – Астана, 2017. – 148 бет].

Ел ішіндегі әдет-ғұрыптар, дәстүрлер бірте- бірте адамдар арасындағы қарым-қатынастан түзіліп шығады. Қоғамда қалыптасқан дәстүрлер мен әдеттер шариғатқа келмесе, орындаудың еш оғаштығы жоқ. Алайда, діннің негізгі ережелерін бұрмалауға болмайды. Сол себепті, мұсылмандардың қоғамдық істері туралы ақылдасу, ой елегінен өткізу шарасы жүргізілгенде, осы қағида естен шықпауы тиіс.

Құдайы астарды беру кезінде ислам дінінің осындай өзгермейтін мәңгілік құндылықтарына нұқсан келтіріп алмау жағын назарда ұстау қажет. Бұл құжатта шариғатта көрсетілген "парыз, уәжіп, халал-харам" сынды діннің басқа да қатаң талап-қағидалары ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы қорындағы қаражат зекет беруге жарай ма? ҚМДБ үкімі


Әдет-ғұрыптардың жаңаша сипат алуы

Ислам құқығында "Үкімдер уақыт пен мерзімнің өзгеруіне қарай өзгеріске ұшырайды" деген құқықтық динамизмін сақтайтын маңызды қағида бар. Ол Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннетінің түпкі мәнінен сүзіліп алынған іргелі дәстүр. Сондықтан жаңа заман талабына сай кейбір әдеттер мен дағдылардың өзгеруі – заңды құбылыс.

Қазіргі кезде бүкіл әлемде қоғамның ақпараттық бет-бейнесі өзгеріп, ауысып кеткен. Ақпараттық технологияның санаулы жылдардың ішінде қарыштап дамып, тіршіліктің күрт өзгеріп кетуі бұрынғы өмір сүру дәстүрлері мен модельдерін дәл сол қалпында ұстануға мүмкіндік бермейді. Тек тарихи қалыптасқан жолды ғана ұстанумен шектеліп, жаңа талаптарға бейімделмеген халықтардың қоғамға ілесе алмай, көптеген қателіктерге бой алдырып жатқаны белгілі. Дәл сол секілді құдайы ас беру мәдениетін де заман мен қоғам талабына сәйкестендірудің қажеттілігі туындап отыр. "Құдайы ас" берудің түпкі өзегін, мәнін сақтай отырып, жаңаша сипатқа көшудің маңызы осында. Құдайы астың нақты уақытын белгілеп, бүкіл халықтың сол уақытқа тоқтауын, белгілі бір дастархан мәзірін жасап, сол мәзірге бірауыздан келісуін, қысқасы, құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыратын бірізді ереже жасап, сол ережені бекітуді бүгінгі қоғамдағы ынтымақ- бірлікті сақтау және заман талаптарымен санасу деп білеміз.

ҚҰДАЙЫ АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІНІҢ НЕГІЗГІ ЖЕТІ ТІРЕГІ

1. Шынайы ниет ету

  • Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі.
  • Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы.
  • Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді.
  • Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды.
  • Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет.
  • Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес. марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.

2. Құдайы асқа жиналу

  • Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі.
  • Берілетін  асқа,  онда  оқылатын  Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал.
  • Сондай-ақ Құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады.
  • Қайтқан кісініңартынан үздіксіз жетіп тұратын ізгі үш істің бірі –артында қалған ұрпағының жасаған дұғасы. Сол себепті, құдайы астарда марқұмның өз ұрпақтарының дұға жасағаны абзал.
  • Басына қайғылы іс түскен жағдайда ағайын, туған-туыстар тез арада жиналып, ынтымақтасып, отбасының жанынан табылып, бірі-біріне қол ұшын бергені дұрыс.
  • Қайғы-қасіретке   ұшыраған   отбасының материалдық жағдайы көтермейтін болса, тума- туыстары көмек көрсеткені жөн.
  • Ислам дінінде жеке жасалған іске қарағанда, көпшілікпен бірге атқарылған игі істердің сауабы көбірек болады.
  • Құдайы  асқа  келгенде  киім  кию  әдебіне де (әйел адамдар мүмкіндігінше шариғатқа сай киінуге) мән берген жөн.
  • Елде  төтенше  жағдай  орнаған  жағдайда құдайы ас беруді кейінге қалдырған абзал немесе өз отбасымен ғана өткізген дұрыс. Ал індетке шалдыққан адамның мұндай жиындарға қатыспауы тиіс.

3. Құран оқу, бата беру және дұға жасау

  • Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау.
  • Асқа Құран оқыту үшін жергілікті мешіттің имамын шақырған жөн. Егер марқұмның ет бауыр жақындарының арасында Құранды сауатты оқитындар болса, оларға оқыту артықтық етпейді.
  • Құран аяттарының бәрі де бірдей қасиетті екендігі айқын. Сондықтан қай сүрені яки қай аятты оқыса да болады.
  • Құдайы  асқа  жиналған  жұрттың  уақытын үнемдеу мақсатында тым ұзақ емес, орташа (5-7 минут) көлемдегі сүре-аяттарды оқу құптарлық іс.
  • Оқылған   аяттың   дұғасын   жасағанда марқұмдардың өз атымен қоса оның әкесінің есімін қосып айтқан жөн.
  • Дұға жасағанда оқыған Құранның сауабын пайғамбарлардың, қазақ даласынан өткен әулиелердің, батыр бабалар мен сол асқа қатысып отырған көпшіліктің де ата-баба, марқұмдарының рухтарына бағыштауға болады.
  • Құран  оқылып,  дұға  жасағанда  жиналған көпшілік ниеттес болып отырғаны дұрыс.
  • Құдайы аста Құран оқудан бұрын әулеттің үлкеніне немесе сол жерге келген қонақтардың ішінен жасы үлкен сыйлы ақсақалға бата жасату – қазақы мәдениетіміздің көрінісі.

4. Ысырапқа жол бермеу

  • Уақыт – адам баласына берілген ең ұлық нығметтің бірі. Сондықтан құдайы астарды мезгілсіз уақытта бастап, ұзақ уақытқа созу, келген жұрттың уақытын алып, пайдасыз әңгімелер айту – орынсыз. Уақытпен санасу мәдениеттіліктің нышаны.
  • Шақырған жерге кешікпей, уақытында бару – қазіргі қоғамның талабы. Кешігу үй иесінің мазасыздығын тудырады. Кешіккен адамдардың салдарынан өзгелер уақытын жоғалтады.
  • Асқа  шақыру  игілік  болса,  сол  асқа  дәл уақытынан кешікпей бару да игілік. Кешігетін жағдайда үй иесіне алдын-ала ескерту қажет. Бұл басқаларға деген құрметтің белгісі болып саналады.
  • Құдайы  астың  тағы  бір  талабы – асты уақытында бастап, барынша уақытылы аяқтау. Ол үшін өтетін астың бағдарламасын жасау заман талабы. Мысалы, асты сағат 12:00 де бастау, Құран оқу, әулет үлкендерінің келген кісілерге астың мәнісін түсіндіруі, үлкен кісілердің және құда- жекжаттың марқұмның әулетіне көңіл айтуы, жұбату сөздері, имамның насихат айтуы, дастархан иелерінің келген кісілерге алғыс айтуы, асқа бата жасап, дұға оқып тарқауы. Жалпы айтқанда, асты мүмкіндігінше қысқа уақытта тәмәмдау. Өйткені асқа жиналған көпшіліктің жұмысын, жауапты қызметтерін, өзге де маңызды шаруаларын ескерген абзал.
  • Құдайы ас өткізу жұма намазының уақытымен тұспа-тұс келмеуі тиіс.
  • Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: "... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді" делінген ("Ағраф" сүресі, 31-аят).
  • Шариғаттағы  көптеген  міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мысалы, рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады.
  • Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедей- кепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.
  • Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
  • Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлде-қайда сауапты.

Оқи отырыңыз: Көшеде тауып алған затты не істеу керек? ҚМДБ түсіндірді


5. Құдайы аста уағыз-насихат айту

  • Көпшілік жиналған құдайы астарда Алланы еске алудың, шынайы сенім мен имандылықтың маңызы жайлы, сауапты істер туралы имамның қысқаша уағыз айтқаны жөн.
  • Мұнда уағыздың ұзақтығы емес, оның түсінікті, жүйелі және пайдалы болуы маңызды.
  • Уағыз-насихат барысында Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен, сонымен бірге халқымыздың даналары мен ғұламаларының, би- шешендерінің ғибратты өмірлерінен, өсиетті сөздерінен де үзінділер келтіру әдетке айналуы тиіс.
  • Насихат айту барысында жиналған жұрттың уақытын алмау мәсәлесіне де ерекше назар аударған жөн.
  • Асқа жиналған адамдар тойға емес, құдайы асқа келгенін терең сезініп, өзін-өзі соған орай барынша мәдениетті ұстағаны дұрыс.
  • Қайғылы  жағдай  орын  алып  отырған шаңырақта, оған арналған аста әртүрлі пайдасыз, бос әңгімелер айтып, орынсыз күліп отыру – әдепке қайшы. Ол қаралы әулеттің қайырымды ісіне зиян келтіреді.
  • Құдайы  аста  мейлінше  жақсы  сөз  айту, тілектес болып әдеп сақтап отыру.

6. Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату

  • Құдайы  асқа  жиналған  қауым  қаралы шаңырақтың қайғысын қозғауға емес, қиын сәтте қайратын қолдауға келеді.
  • Біреудің  құдайы  асын  жиналыс  сипатына айналдыру мәдениеттілікке жатпайды. Асқа келген көпшіліктің арасынан нағашылары, құда-жегжаты, ағайыны сынды жақындары ниет білдіріп, көңіл айтып, марқұмның жақсылықтарын сөз етіп, артында қалғандардың көңілін жұбату мақсатында ғибратты әңгіме айтқаны жөн.
  • Жұрттың көзіне көріну үшін құдайы аста көп сөйлеу жөнсіз.
  • Шариғатта марқұмды жақсы жағынан еске алуға рұқсат етілген. Марқұмды жақсы танитын, онымен сырлас, сыйлас болған кісі оның көпшілік біле бермейтін жақсы мінез-құлықтары мен қасиеттері туралы қысқаша естелік айтуына болады.
  • Сөз берілмесе, үндемей, іштей тілектестік білдіріп отыру мәдениеттілікке жатады.

7. Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау

  • Құдайасдастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі.
  • Құдайы ас дастарханында дәулетті кісілер жоғары, жағдайы төмендер төменде отыруы тиіс деген теріс түсініктен аулақ болу қажет.
  • Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады.
  • Қасиетті Құранда: "Олардың (ізгі жандардың) мал-мүлік дүниелерінде, көмек сұраушының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін) пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар" деп баяндалған ("Зәрият" сүресі, 19-аят). Құдайы ас бергенде осы ережені назарда ұстау қажет.
  • Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн.
  • Құдайы  ас  дастарханында  дәулетіне не мансабына қарай емес, асқа келген кісіге қарапайымдылықпен бірдей мәміле жасап, көңіл бөлінуі тиіс.

* Құжаттағы ережелер Қазақстан Республикасы бойынша барлық мұсылман қауым үшін әзірленді. Бұл құжаттың мақсаты мұсылман қауымының өзіндік құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырып, оған қатысты жоралғыларды, қалыптасқан дәстүрді жүйелендіру болып табылады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары