ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, Құрылтай сайлауында алғаш болып Корея мен Жапонияда жүрген отандастарымыз дауыс беріп, өз таңдауын жасады.
Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 учаскелер жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-де жұмысына кірісті.
Сеулде алғашқы болып дауыс берген Қазақстан азаматы — Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова.
"Кореяда тұрғаныма үш жыл болды, қазір осындағы университеттердің бірінде оқып жатырмын. Ел азаматы болғандықтан, Отанымыздың болашағына қатысты маңызды оқиғалардан шет қалмай, өз үлесімді қосқым келеді", – деді Ажар Кәрімжанова.
Оның пайымдауынша, сайлауға қатысу — әрбір азаматтың құқығы ғана емес, ел алдындағы азаматтық парызы мен жауапкершілігі.
"Біздің бүгінгі таңдауымыз елдің ертеңгі болашағын айқындайды. Сондықтан жастардың бұған бей-жай қарамай, ел өміріне белсене араласуы өте маңызды", – деп түйіндеді ол.
Ал Токиодағы учаскеде алғашқылардың бірі болып дауыс берген – Әлішер Әзімбаев. Ол сайлауға тура билерге тән ұлттық киіммен келді. Цукуба университетінде "Мемлекеттік саясат" мамандығында оқитын Әлішер бұл арқылы ата-баба дәстүрі мен бүгінгі жастардың серпінін ұштастыруды көздеген. Ол Құрылтайдың әуелден-ақ ел тағдыры шешілетін алқалы жиын болғанын еске салды.
"Түп-тамырымызды жаңғыртқан жаңа Құрылтай халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп, елдік мәселелерді шешетін заманауи ордаға айналады деп сенемін", – деді отандасымыз.
Бұдан кейін Малайзия, Сингапур, Индонезия және Вьетнамдағы учаскелер де өз жұмысын бастап кетті.
Жалпы бүгін шетелдегі өкілдіктеріміздің жанынан 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі ашылады. Ал Иран мен Украинадағы геосаяси ахуалға байланысты дауыс беру өтпейді. Эфиопияда сайлаушылардың жоқтығынан учаске ашылған жоқ.