"Қазгидромет" РМК 2023 жылы мониторингке алынған Қазақстандағы 69 елді мекен ішінде 18-інде ауаның ластану дәрежесі жоғары және өте жоғары деңгейде екенін хабарлады.
Олар: Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Астана, Теміртау, Өскемен, Риддер, Жезқазған, Саран, Талғар, Ақтау, Хромтау, Қандыағаш қалалары және Жанбай, Мақат, Шұбарши, Кеңқияқ, Индербор ауылдары.
Сондай-ақ, 27 елді мекенде (Павлодар, Құлсары, Атырау, Қостанай, Арқалық, Жітіқара, Лисаковск, Абай, Сәтбаев, Жаркент, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Кентау, Көкшетау, Семей, Аягөз, Шемонаиха, Алтай, Жаңаөзен, Щучинск қалалары және Бурабай, Қарабалық, Қызылсай, Састөбе, Ганюшкино, Әуезов ауылдары) ауа сапасы орташа деңгейде болса, тағы 24 елді мекен (Атбасар, Орал, Ақсай, Степногорск, Рудный, Талдықорған Тараз, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Петропавл, Шу, Арал, Екібастұз, Ақсу қалалары және Глубокое, Қордай, Бурлин, Төретам, Ақай, Айтеке би, Шиелі, Бейнеу, Ақсу ауылдары) "төмен" ластану деңгейіне ие санатқа жатқызылды.
Оқи отырыңыз: Лас ауа, жер сілкінісі, балалар қауіпсіздігі. Алматылықтарды не алаңдатады?
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 5 қалада, атап айтқанда, Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларында зерттеу жасалған соңғы бес жыл бойына ауа сапасы өте төмен деңгейін сақтап отыр.
Ауа құрамындағы негізгі ластаушы заттар:
- Алматы – азот диоксиді, РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, РМ-10 қалқыма бөлшектері;
- Астана – шаң, РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот диоксиді, азот оксиді, озон, күкірт сутегі, фтор сутегі;
- Қарағанды – шаң, РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, көміртегі оксиді, азот диоксиді және азот оксиді, озон, күкірт сутегі;
- Жезқазған – шаң, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, аммиак;
- Теміртау – шаң, РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, күкірт сутегі, күкірт диоксиді, фенол, көміртегі оксиді, азот диоксиді және азот оксиді, аммиак.