Тікелей эфир

Лас ауа, жер сілкінісі, балалар қауіпсіздігі. Алматылықтарды не алаңдатады?

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қала тұрғындарының үштен бірі Алматы әкімдігінің қоғамдық қабылдау жұмысы туралы мүлде білмейтіні анықталды.

2020 жылдың наурыз-тамыз айларында Алматыдағы өзекті мәселелерге арналған "Алматылықтар нені қалайды?" атты зерттеу жасалды. Оған Медеу, Алмалы, Түрксіб, Алатау аудандарының 900 тұрғыны қатысқан. Респонденттер қатарында қарапайым тұрғындар, сарапшылар, азаматтық сектор өкілдері, аудан әкімдіктері мамандары (анонимді түрде) болды.

Тұрғындардың қоқыс өртеуі тыйылмай тұр

Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші тұрғын Алматының негізгі мәселесі экологиялық проблемалар деп жауап берген. Тұрғындарды:

  • стихиялық қоқыстар;
  • көгалдандырудың жеткіліксіздігі;
  • тарихи шағын аудандарға құрылыс жұмыстарын жүргізу;
  • тал кесу;
  • пешпен жылыту кесірінен ауаның ластануы;
  • қоқысты сұрыптаудың болмауы секілді мәселелер мазалайды.

"Біздің аудандағы үйлердің шамамен жартысы жеке секторда орналасқан. Шағын аудандардың барлығына дерлік әлі газ жеткізілмеді. Жылыту маусымында қоқыс, резеңке секілді кез келген затты жағып, қатты отынды үнемдеуге тырысатындар көп", – дейді анонимді сауалнамаға қатысқан Түрксіб ауданы әкімдігінің маманы.


Алматыдағы негізгі мәселелер

Алматыдағы негізгі мәселелер / Зерттеу эскизі


Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді?

Бірыңғай бейнебақылау базасы қажет

Абаттандыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша негізгі 3 мәселе:

  • қала келбетінің көріксізді;
  • балалар алаңдарының аздығы және қауіпсіздігі;
  • спорт және ойын алаңдарының жоқтығы.

"Маған қаланың экс-басшысы Бауыржан Байбектің келуімен өзгерген қала келбеті ұнайды. Дуалдарды алып тастады. Қаланың орталық бөлігін жақсы көркейтті. Бірақ, орталықтан тыс аудандарда әлі мәселе көп", – дейді тұрғын Әділ Нұрмақов.

Қауіпсіздік мәселесі бойынша алматылықтарды бәрінен бұрын жол қозғалысы алаңдатады. Балалардың қауіпсіздігі де басты мәселелердің бірі. Кейінгі орындарды қылмыстық жағдайдың нашарлауы, жер сілкінісі мен сел қаупі иеленген. Тұрғындар қылмысты азайту үшін қаланы жарықтандыру, видеобақылау орнату секілді жүйелі шаралар жасауды ұсынған.

"Қауіпсіздік жағдайын жақсарту үшін бірыңғай бейнебақылау базасы болуы қажет. Қызметкерлер бәрін қадағалап үлгермейді. Көк базардың айналасына пилотты жоба ретінде камера қойғымыз келді. Бұдан тұрғындар зардап шекпейді. Стихиялық сауда, автотұрақ, санитарлық жағдайдың қандай екенін көруге болады. Заңды да жетілдіру керек. Ұрылар камераның жоқ екенін білгендіктен қалада көлік ұрлығы жиі тіркеледі", – дейді Медеу ауданы әкімдігінің маманы.

Оқи отырыңыз: "Түтіннен жылына 160 мың тонна гипс өндіруге болады". Ғалымдар 2-ЖЭО мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды

Сондай-ақ, алматылықтарды автокөліктердің көптігі, қоғамдық көліктердің жетіспеуі, қаланың көші-қон орталығына айналуы алаңдатады. Тұрғындардың бірі жол қозғалысының қауіпсіздігі, автопарктердің ескіруі, жылдам жүретін автобустармен және жеңіл рельсті көлікпен қозғалысты қамтамасыз ету Алматы үшін басымдық болуы керек деп есептейді.

Респонденттер мәдениет саласындағы мәселелер деп мәдени демалатын орындардың, балаларға арналған тегін секциялар мен іс-шаралардың аздығы, билет бағасының қымбаттығын да атап өткен.

Тұрғындардың үштен бірі Open Almaty жобасы туралы білмейді

Респонденттердің 30 пайыздан астамы Алматы әкімдігінің қоғамдық қабылдау жұмысы туралы ешқашан естімеген. Ал 41 пайызы естісе де, мәселесін айтып жүгінбеген.

"Олар бұрынғыша хат жазады немесе әлеуметтік желілер арқылы хабарласады. Тұрғындар мен әкімшіліктің өзара әрекеттесуіне жауап беретін өте үлкен құрылымның өз функцияларын соңына дейін тиімді орындай алмай отырғанын сауалнамадан көріп отырмыз", – дейді зерттеу авторы, урбанист Алеса Нугаева.

Оқи отырыңыз: Алматыда ауа сапасын 5 жылда жақсартатын бағдарлама әзірленді. Қала әкімдігі құжатты қабылдауға неге асығар емес?

Зерттеуде әкімшіліктің тұрғындарға ақпарат жеткізу мәселесі көтерілген. Респонденттердің 52 пайызы соңғы айда шешімдер, қала өміріндегі өзгерістер, қандай да бір бағдарламалар туралы ақпарат алмағанын айтады. Яғни, тұрғындардың жартысы қатысу бюджеті немесе Open Almaty секілді әкімшілік бағдарламалары туралы білмейді.

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 36 пайызы мәселені шешу үшін мемлекеттік органдарға жүгінгісі келмейтінін, барлығын әкімшіліктің еркіне қалдыратынын айтқан. Зерттеушілер бұл мәселені шешудің бір жолы әкімшілік, тұрғындар, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес қаладағы өзекті мәселелер мен стратегияларды үнемі талқылай алатын тұрақты жұмыс істейтін алаң құру қажет деп есептейді.

Серіктестер жаңалықтары