Тікелей эфир

Қазақстанның солтүстігінде бүтін бір отбасының улану ісі бойынша медбике тергеуге алынды

Медбике әлі қамауға алынбаған.

Еліміздің солтүстігінде бүтін бір отбасының улану ісі бойынша медбике тергеуге алынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Науқастарға алғашқы көмек көрсеткен медицина қызметкері өз міндетін тиісті деңгейде орындамады деген күдікке ілінген.

Қайғылы оқиға маусым айында Надежка ауылында болған еді. Елді мекендегі дүкеннен тұшпара мен шұжық сатып алып жеген Коваленко жанұясының бес адамы уланып, өздерін жайсыз сезінген.

Өкінішке қарай, 3 жасар ұл мен 7 жастағы қыз көз жұмды. Ал марқұмдардың анасы мен тағы бір бала жансақтау бөліміне түсіп, аман қалған. Бірақ отбасы мүшелерінің нақты қандай өнімнен уланғаны әзірге белгісіз.

Сондықтан полиция санитарлық ережелерді бұзу туралы қылмыстық істі тоқтатып, басқа бап бойынша тергеуді бастады. Медбике әлі қамауға алынбаған.

"Қылмыстық істен алынған материалдар жеке іс жүргізуге беріліп, ҚР ҚК 317-бабының 4-бөлімі "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған дұрыс орындамауы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу жүргізіліп жатыр", – деді СҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мадина Ерғалиева.

Серіктестер жаңалықтары