Қазақстандықтардың Google сервистердің (Gmail, YouTube), Meta сервистердің (Instagram және басқа да әлеуметтік желілер) аккаунтын верификациялау үшін SMS арқылы растау кодын тіркеу және алуда қиындықтарға тап болуына байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі түсініктеме берді.
Министрліктің мәліметінше, ведомство Google, Amazon, Facebook, Ebay және Meta қызметтерінен SMS верификациясын алу функцияларын тексерген, алайда SMS хабарлама алу процесінде проблемалар табылған жоқ.
"Мұндай хабарламалар "спам және бұғатталған" бөлімінде жасырылған жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар, кейбір қазақстандықтар үшін SMS хабарламаларды алудағы үзілістерге қатысты жоғарыда аталған компаниялар тарапынан министрліктің бақылауынан тыс бірқатар техникалық себептер бар. Көбінесе Google, Amazon, Meta және басқа компаниялардың SMS-хабарламаларына арналған шлюздер техникалық қызмет көрсету, техникалық ақаулар немесе серверлерді қайта жүктеу кезінде жұмысын тоқтата алады", – делінген министрліктің хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Google Play 2Gis қосымшасын өз жүйесінен алып тастады. Оны қалай жүктеуге болады
Сондай-ақ, министрлік SMS хабарламаның келмеуіне себеп болатын тағы бірнеше факторды атады. Олар:
- компаниялардың алаяқтықтың, спамның және кибершабуылдардың алдын алу үшін SMS хабарламаларын жіберуге цифрлық шектеу қоюы;
- компаниялардың бір нөмірге байланысты шоттар санын шектеуі;
- жүйелердің шамадан тыс жүктелуіне әкелетін тексеру сұрауларының көп болуы.
"Пайдаланушылар SMS тексеруді ала алмайтын жағдайлар жиі кездеседі, бірақ біраз уақыттан кейін қайталап көру сәтті тексеруге әкеледі", – делінген министрліктің хабарламасында.