Қазақстанда "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталып, мыңдаған шетел азаматы мен жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мәліметінше, 8-12 маусым аралығында өткен "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында шетел азаматтары тұратын орындар, құрылыс нысандары, базарлар мен шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын кәсіпорындар тексерілген.
Тексеру нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 13 035 дерегі анықталды.
"Атап айтқанда, Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін 9 359 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 3 828 шетелдікке қатысты шара қолданылған. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 882 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, өздерінде тұрып жатқан шетелдіктер туралы полицияға уақытылы хабарламаған 2 794 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік шара қолданылған", – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам Қазақстан аумағынан шығарылды. Сонымен қатар 1 836 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылған.
"Ал 122 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылып, олардың барлығына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды. Жедел іс-шара барысында ел аумағына заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталған. Қазіргі уақытта бұл фактілер бойынша Шекара қызметімен бірлескен тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықаралық іздеуде жүрген және өз елдерінің құқық қорғау органдарынан жасырынған 21 шетел азаматы ұсталған", – делінген хабарламада.
Полиция өкілдерінің айтуынша, заңсыз көші-қонға Қазақстан азаматтарының өздері де ықпал етіп отыр. Мысалы, Атырау облысында шетел азаматтарын көрші мемлекетке заңсыз өткізуді ұйымдастырған жергілікті тұрғын ұсталған. Осындай фактілер Жамбыл облысы мен Павлодар облысында да тіркелген.
Сонымен қатар Ақтөбе облысында құрылыс нысандарының бірінен еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 60-қа жуық шетел азаматы анықталған. Осындай құқық бұзушылық дерегі Астана қаласында да тіркелген.