Тікелей эфир

Қазақстанда дәрі-дәрмек 25 пайызға дейін арзандауы мүмкін

Фото: syrboyi.kz
Фото: syrboyi.kz
Бүгінге дейін 1 500 дәрінің бағасын қайта қарауға өтініш түскен.

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы 25 пайызға дейін арзандауы ықтимал, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі препарат құнын белгілеу жүйесіне өзгерістер енгізіп отыр.

Демек, баға халықаралық талаптарға сай қалыптасады. Баға белгілеудің жаңа тәсілі бойынша компаниялар дәрі құнына маркетинг пен тасымалдау шығындарын қоспайды.

Сәйкесінше, баға қазіргіге қарағанда әлдеқайда төмен және қолжетімді болады. Ал бір пайыз көлемінде белгіленген шығынды дистрибьютерлік фирмалар мен өндіруші компаниялар өтеуге тиіс. Сонымен қатар шекті құнды қалыптастыру үшін бірыңғай базалық баға белгіленгелі отыр. Бұл препарат құнының негізсіз өсуіне жол бермейді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бүгінге дейін 1 500 дәрінің бағасын қайта қарауға өтініш түскен. Қазір ұлттық зерттеу орталығы сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Құны төмендейтін дәрі-дәрмек тізімі зерттеудің қорытындысына сай жарияланбақ.

"Алып тасталған пайыздық үстемақылар бойынша біздерде барлық және халықаралық стандарттар бойынша, яғни барлық шығын бір пайыздық үстемақымен белгіледік. Мұның келешектегі халыққа тигізетін әсері жаңа айтып өткендей, ең бірінші, біз халықтың қолжемді дәрілермен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 20 және 25 пайыз аралығында дәрілердің түсуін болжап отырмыз", – деді ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Жандос Әділхан.

Серіктестер жаңалықтары