Қазақстанда бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталықтары пилоттық режимде іске қосылды

Фото: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ
Фото: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ
Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) Үкімет тапсырмасын орындау аясында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталықтарының жұмысын пилоттық режимде бастады.

"Кәсіпкерлер әртүрлі мәселелерге тап болады. Көп жағдайда бір мәселені шешу үшін бірден бірнеше мемлекеттік органның, қаржы институтының немесе ұйымның қатысуы қажет. Осыған байланысты "Даму" қорының жұмыс форматын кеңейтіп, бизнеске кешенді сүйемелдеу тетігін құру қажеттілігі туындады. Бүгінде бізде қажетті инфрақұрылым, тәжірибе және қолдау құралдары бар. Сонымен қатар "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі ұйымдарымен Бірыңғай фронт-офис аясында өзара іс-қимыл жолға қойылған. Пилоттық жоба шеңберінде осы мүмкіндіктерді біріктіріп, мәселені анықтаудан бастап, оны шешуге дейінгі кезеңде бизнеске кешенді сүйемелдеу көрсетуді көздеп отырмыз", – деді "Даму" қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев.

Орталықтардың жұмысы мынадай тәртіппен ұйымдастырылады: кәсіпкер алдымен "Даму" қорының өңірлік филиалына жүгінеді. Мұнда мамандар жағдайға бастапқы талдау жүргізіп, мәселені шешудің ықтимал тетіктерін айқындайды және одан әрі сүйемелдеу бағытын белгілейді. Өтініштің сипатына қарай кейсті қарауға бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және "Бәйтерек" холдингі тобына кіретін ұйымдар тартылады. "Даму" қоры қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, кәсіпкердің мәселесі бойынша шешім қабылданғанға дейін оны сүйемелдейді. Осылайша, кәсіпкерге әрбір мемлекеттік органға немесе ұйымға жеке-жеке жүгінудің қажеті болмайды.

Инфографика: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ

Пилоттық жоба аясында бизнестің қаржылық тұрақтылығына және оның қызметін жалғастыруына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық беріледі.

Атап айтқанда, кәсіпкерлерге мынадай мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі:

  • берешекті қайта құрылымдау және қаржыландыруға қол жеткізу;
  • мемлекеттік қолдау шараларын алу;
  • салық берешегін реттеу;
  • өткізу нарықтарына қолжетімділікті қалпына келтіру және өнімді ілгерілету;
  • кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту;
  • агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау және қаржыландыру.

Бұл бағыттар "Атамекен" ҰКП тізіміндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 2,4 мыңнан астам проблемалық өтінішін талдау нәтижесінде айқындалды. Олардың 600-ден астамы пилоттық жоба іске асырылатын бес өңірден түскен. Кәсіпкерлердің басым бөлігі қаржыландыру және берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық салу, өнімді өткізу және бизнесті дамыту мәселелері бойынша жүгінген.

Басты өлшем: мәселенің шешілуі

Дәстүрлі консультациялық форматтан айырмашылығы – орталықтардың тиімділігі ең алдымен нақты нәтижеге қарай бағаланады. Негізгі көрсеткіш ретінде кәсіпкерлердің шешімін тапқан өтініштерінің үлесі, бизнестің қаржыландыру мен өткізу нарықтарына қолжетімділігін қалпына келтіруге көрсетілген жәрдем, проблемалық кредиттер мен салық мәселелерін шешу, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуы ескерілетін болады.

Сонымен қатар орталықтар бизнесте жиі қайталанатын мәселелер бойынша талдау жүргізеді. Бұл жүйелі кедергілерді анықтауға және қолданыстағы қолдау шаралары мен заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігі бағаланып, оны еліміздің басқа өңірлерінде одан әрі енгізу және ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталығына пилоттық жоба іске асырылатын бес өңірдегі "Даму" қорының өңірлік филиалдары арқылы жүгінуге болады. Өңірлік филиалдардың мекенжайлары мен байланыс деректері қордың ресми сайтында қолжетімді. Сондай-ақ ақпаратты 1408 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау