Қазақстанда 2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде көліктермен бірдей етіп теңестіріледі, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрлігі мопедтерді тіркеудің жолын көрсетті. Оларды пайдалану үшін:
- полицияда тіркелу;
- А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі;
- техникалық тексеру;
- азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өткізу қажет болады.
Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚО-ға мына құжаттарды ұсыну қажет:
- жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін);
- мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамалары.
Кейін өтініш толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, қажет мемлекеттік баждарды төлеу керек.
"5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынады. Бұзушылықтарды болдырмау үшін мопедті алдын ала тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынамыз", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.