Тікелей эфир

"Қазақстан халқына" қоры биыл 360 білім беру грантын бөледі. Оны кімдер иеленеді?

Конкурс тамыз айында басталады.

"Қазақстан халқына" қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева білім гранттары бағдарламасының кімдерге арналғанын және шарттарының қандай екенін түсіндірді.

"Биыл 360 грант бөлінеді. Оны қордың қамқоршылар кеңесі бекітті, тиісті қаражат дайын тұр. Білім министрлігі және Қазақстан бойынша жоғары білім беретін ұйымдармен ақылдасып, сұрақтардың жауабын реттеп алдық. Бағдарламаның екі бөлігі бар. Бірінші бөлігі дәл қазір мектепті бітіріп жатқан балаларды грантпен қамтуға бағытталған. Ауылдық жерде білім алған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыда тәрбиеленіп жатқан, мүгедектігі бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мүмкіндікті көбейтпекпіз. Ал бағдарламаның екінші бөлігі білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттерге арналған. Көптеген студент өз оқуын өзі төлейді. Бірақ, пандемия әсерінен жұмысы тоқтап, оқуының ақшасын төлей алмай қалғандар болды. Сол балаларға да көмектескіміз келеді", – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Ары қарай басқарма өкілі өздеріне хат жазған студент қыздың оқиғасын бөлісті. Ол денсаулығына байланысты оқуын бір жылға тоқтатуға мәжбүр болған. Денсаулығын емдетіп, оқуының ақшасын төлеп келген әкесі көз жұмған.

"Осы жылы оқуымды жалғастырсам, толық білімім мен жұмысым болады" деп отыр. Өз нанымды өзім тауып жеймін деген жастар үміттенуде. (...). Осылайша әр мемлекеттік білім ордасына қосымша үш гранттан бөлінеді", – деді Ләззат Шыңғысбаева.


Оқи отырыңыз: Ұлттық Банк Нархоз университетінде оқу үшін 30 грант бөледі


Бағдарламаның 2022 жылға арналған бюджеті: 373 680 мың теңгеден 378 720 мың теңгеге дейін.

Бағдарламаның 4 жылға арналған жалпы бюджеті: 3 736 800 мың теңгеден 3 924 000 мың теңгеге дейін.

"Бағдарламаның өзектілігі "Білім беру" саласында еліміздің азаматтарынан қордың цифрлық платформасына келіп түсетін өтінімдер мен өтініштерді талдаумен негізделген: аз қамтылған отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың, жетім балалар мен мүгедек балалардың көп бөлігінің жоғары білім алу үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ. БжҒДМБ міндеттерінің бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, өйткені білім беру сапасындағы қазіргі алшақтық ауыл мектептерінің түлектері үшін жоғары білімді қол жетімді етпейді. Қазақстанда іске асырылып жатқан халықты қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары барлық мұқтаж жандардың қажеттіліктерін толығымен жаба алмайды", – делінген қор хабарламасында. 

"Қазақстан халқына" ҚҚ білім беру гранттарын 2022-2023 оқу жылынан бастап жыл сайын беру жоспарланып отыр:

  1. Конкурстық негізде бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары білім беру ұйымдарының тізбесіне кірген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқуға талапкерлерге. ЖЖОКБҰ өткізетін конкурстардың қорытындылары бойынша білім беру гранттары мен стипендияларын беру үшін Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу критерийлері:
  • ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін қажетті өту балын жинаған талапкерлер;
  • ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
  • кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім санатына жататын тұлғалар;
  • мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар тұлғалар.

     2. ЖЖОКБҰ студенттеріне іріктеу критерийлеріне сәйкес бакалавриат бағдарламалары бойынша күндізгі оқуды жалғастыруға: үкіметтік емес ұйымдар ЖЖОКБҰ-ның жұмыс істеп жүрген студенттері арасында өткізетін конкурстардың қорытындылары бойынша қордың грантына және/немесе стипендиясына үміткер бағдарламаға қатысушыларды іріктеу критерийлері:

  • мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде мүгедек болып табылатын студенттер;
  • кәмелетке толғанға дейін жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер;
  • ауылдық жерлерден аз қамтылған көп балалы отбасылардан шыққан студенттер;
  • 1 және 2 топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар қатарындағы студенттер;
  • ата-анасы 1 және 2 топтағы мүгедектер болып табылатын студенттер.

Бағдарлама Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2022-2023 оқу жылынан бастап бір мезгілде іске асырылады. "Қазақстан халқына" ҚҚ білім беру гранттарын беру жыл сайын 10 қыркүйектен кешіктірілмей жүзеге асырылады.


Оқи отырыңыз: 24-30 маусымда бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі өтеді


"Конкурс тамыз айында басталады. Қазір ешнәрсе басталып жатқан жоқ. Өйткені, қазір ҰБТ да біткен жоқ. Шамамен тамыз айының 10-нан кейін біздің сайтта хабарлама шығады. Өтінімдерді сол уақыттан бастап қабылдаймыз. Талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы арқылы өтінім береді. Кейін қабылдау комиссиясы үш іріктеп алған студенттің тізімін береді. Сол студенттерге грантпен стипендия бөлеміз", – деді өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Ардақ Қачқарова.

Серіктестер жаңалықтары