Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 24-30 маусым күндері бос жұмыс орындарының алғашқы онлайн жәрмеңкесі өтетінін мәлімдеді.
"Орта және ірі кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды жұмыспен қамту мәселесін қолға алдық. Өткен мамырда білім беру ұйымдарының түлектері мен 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған онлайн жәрмеңке пилоттық режимде өтті. Бұл жұмыстар ERG компаниялар тобымен бірлесіп жасалды. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптада жұмыс берушінің талабына сай келетін 159 жас азамат іріктеуден өтіп, жұмысқа орналасты", – деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, министр бірнеше компаниямен осы жылдың соңына дейін 20 мың азаматты жұмыспен қамту туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Оның ішінде IT саласы мен "Ауыл – ел бесігі" жобасы да бар.
Оқи отырыңыз: Түнде, демалыста және мерекеде жұмыс істетсе, қалай құқығыңызды қорғауға болады?
"Алғашқы онлайн жәрмеңке 24-30 маусым күндері өтеді. Алдағы уақытта оны ай сайын тұрақты түрде ұйымдастыру көзделіп отыр. Жәрмеңке жұмыс іздеушінің мақсатты таңдауын және жұмыс берушілердің сапалы іріктеу мүмкіндігінің болуын қамтамасыз етеді", – деді министр.