Қазақстан мен FAO мектеп тағамының сапасын арттыру үшін күш біріктіреді

Ел фермерлері мектептегі тамақтандыруды әлеуетті нарық ретінде қарастырмай отыр.

БҰҰ  Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) Астанада "Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі  және дұрыс тамақтануды жолға қою  мәселесі мен перспективалары" атты семинар өткізді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның  азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті проблемалардың шешімін табу үшін мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың  және фермерлік қауымдастықтың күшін біріктіру. 

Семинарда Қазақстанның сауда және интеграция министрінің  бірінші орынбасары  Айжан Бижанова FАО-мен бірлескен жобалық офис құрылғанын хабарлады. 2025 жылы бұл офис бірқатар өңірлерде азық-түлік нарығы  мен инфрақұрылымына талдау жүргізіп, оның нәтижесінде "Қазақстанның ұлттық азық-түлік атласы" ақпараттық жүйесінің тұжырымдамасы әзірленді. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде өнім өндірісі мен тұтыну көлемін анықтауға, логистикалық бағыттарды дамытуға  және қайта өңдеу мен өнімді сақтау инфрақұрылымын жасақтай отыра тәуекелдерді бақылауға мүмкіндік береді.

2026 жылы FАО-мен бірлесе отыра бұл жұмыс үш бағытта: 

  • өңірлердің картасын әзірлеу (өндіріс көлемі, маусымдық, климаттық қатерлерге төзімділік, импортқа тәуелділік деңгейлері); 
  • инфрақұрылымды цифрлық түгендеу (қоймалар, тоңазытқыштар, жеміс пен көкөністі сақтайтын  орындар, қайта өңдеу кәсіпорындары);
  • логистика мен нарықты талдау (өнімді тасымалдаудың нақты бағыттары, сауда орындарына дейінгі қашықтық, көлік желісі) жалғасын табады.

Дұрыс тамақтанбаудың кесірінен түрлі аурудың белең алуы  алаңдатады:  Қазақстандағы балалардың 23%-ы (әрбір бесінші бала) семіздікке шалдыққан, ал мектеп оқушыларының 60 пайызға жуығы күн сайын мектептен тыс жерде тәтті сусындар мен снектер сатып алады. FАО-ның мәліметінше, Қазақстан балалар семіздігі бойынша Орта Азия елдері арасында тізім басында яғни алдыңғы орында тұр. Негізгі себеп:  құрамында қант мөлшері көп өнімдерді шамадан тыс пайдаланды  және көкөніс пен жеміс-жидекті аз тұтынады.  

"Дұрыс тамақтануды дамыту және оның аясын кеңейтуге үлес" жобасы аясында FАО үкіметке техникалық қолдау көрсетуде: мектеп тамағының жаңа стандарттары енгізілуде және әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ақмола облысының мектептерінде жаңа теңгерімді ас мәзірі енгізілді, бұл ретте жергілікті өндірушілерді тартуға ерекше мән берілді. 

"Ақмола облысындағы пилоттық жобаны іске асырудың нәтижесінде бірқатар мәселелер анықталды. Өкінішке орай, қазақстандық фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер әзірге мектептегі оқушы тамағын пайдалы әрі әлеуеті жоғары нарық ретінде қарастырмайды. Екіншіден, агроөндірушілер  халықтың дұрыс өнімдерге деген сұранысы тек арта түсетінін түсінуі өте маңызды. Мысалы, жаңа мектеп мәзірінде қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге төмендетілді", – деді FАО-ның Қазақстандағы бағдарламалар үйлестірушісі Жаңыл Бозаева. 

Бүгінде Қазақстан халқының шамамен 50 пайызы ауылдық жерде тұрады. Елде 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық және мыңдаған фермерлік және шаруа қожалықтары бар, олар азық-түлік өндіреді, бірақ өнім көлемінің аздығына байланысты мектептермен жеке дара тікелей  жұмыс істей алмайды. Кооперативтерге бірігу өнімді қажетті көлемде тұрақты тасымалдауды жолға қоюға   логистика мен қаптама шығындарын төмендетуге, сондай-ақ субсидиялау бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

"Тамақтану сапасын арттыру  ұлттық қауіпсіздік деңгейінде  стратегиялық мәселеге  айналып отыр. Жергілікті фермерлер мектептерді көкөністермен, жемістермен, сүт өнімдерімен, жұмыртқа, жармамен және етпен қамтамасыз ете алады. Бұл үшін кооперацияны дамыту, мектеп тамағына арналған өнім стандарттарын әзірлеу, арнайы өнім желілерін қалыптастыру және логистика мәселелерін шешу қажет. Мектептерді  сапалы азық - түлік өнімімен қамтамасыз ету  фермерлер үшін  ұзақ мерзімге өнім өткізуге  кепіл, ал мемлекетке – балалар денсаулығын жақсартуға жол ашады", – деді Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Ермек Абуов. 

Серіктестер жаңалықтары