Қазақстан аумағының тұтастығы мен оған қол сұғылмайтыны туралы норма өзгермейді – Конституциялық комиссия

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы тек конституциялық заңмен белгіленеді.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. 

"Конституциялық құрылыстың негіздері" бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігін, аумақтық тұтастығын және өзге де аса маңызды қағидаттарын бекітетін іргелі ережелер көрініс табады. Жобада бұл бөлімде еліміздің құқықтық мәртебесі мен жалпы келбеті анықталды. Қазақстан Респбуликасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылады. Оның ең қымбат құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Биліктің бөліну қағидатын бекітетін норма жаңа редакцияда тұжырымдалды. Мемлекеттің қолданыстағы құқығы мәселелеріне арналған конституциялық ережелер нақтыланды", – деді Бақыт Нұрмұханов.

Ол жекелеген өңірлерде конституциялық заңдар арқылы қаржы саласына қатысты арнайы құқықтық режим белгіленетінін атап өтті.

"Осындай тәртіппен "жедел қарқынмен дамитын қала" арнайы құқықтық режимі де белгіленуі мүмкін. Ол – экономиканы тиімді ілгерілету мақсатында жүзеге асырылмақ және Астана Халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласын дамытумен байланысты. Бұл нормаларды Конституцияның басқа негізгі баптарымен тығыз байланыста қарау керек. Атап айтқанда, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы тек конституциялық заңмен белгіленеді деп бекітілмек. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмауы мен бөлінбеуі деген нормалар өзгеріссіз қалады", – деді Бақыт Нұрмұханов. 

Бақыт Нұрмұханов қазіргі замандағы мәселелерді ескере отырып, қоғамдық бірлестіктердің қызметін және олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін конституциялық ережелердің де нақтыланғанын атап өтті. Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелер жетілдірілді.

Серіктестер жаңалықтары