Қар аралас жаңбыр, тұман: "Қазгидромет" 26 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Петропавл, Қостанай, Көкшетауда қар аралас жаңбыр жауады.

"Қазгидромет" РМК 26 қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің өңірлерінде ауа райы құбылып, кей аймақтарда жел күшейіп, тұман мен көктайғақ байқалады.

Батыс өңірлерінде (БҚО, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе) ауа райы негізінен жауын-шашынсыз өтеді. Кей жерлерде тұман мен көктайғақ болады. Жел 7–14 м/с, кей аумақта 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Түнде -3…+6°, күндіз +5…+15° жылы. Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбе қалаларында да жауын-шашын күтілмейді.

Солтүстік және орталық өңірлерде (Ақмола, Қостанай, СҚО, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау) қар аралас жаңбыр жауып, тұман мен көктайғақ байқалады. Жекелеген жерлерде бұрқасын соғады. Жел 9–14 м/с, түнде 15–23 м/с-қа дейін күшейеді. Түнгі температура -8…+2°, күндіз -1…+8° аралығында. Астанада жауын-шашынсыз, бірақ жел күшейеді. Петропавл, Қостанай, Көкшетауда қар аралас жаңбыр жауады.

Шығыс өңірлерде (ШҚО, Абай облысы) түнде қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болады. Жел 20–25 м/с-қа дейін күшейеді. Тұман түседі. Түнде -18…-3°, күндіз -2…+6°. Өскеменде түнде -5°, Семейде -2° болады.

Оңтүстік өңірлерде (Алматы, Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда) күн ашық әрі жауын-шашынсыз. Таулы аймақтарда тұман сақталады. Жел 5–15 м/с. Түнде -5…+5°, күндіз +13…+21° жылы. Алматы, Қонаев, Талдықорғанда ауа райы тұрақты, ал Шымкент, Түркістан, Таразда +16…+18°, Қызылордада +14…+16° болады.

Серіктестер жаңалықтары