Тікелей эфир

Қаңтарда ҰБТ тапсырған 21 мыңға жуық талапкер шекті балл жинай алмады

ҰБТ тапсырғандардың орташа нәтижесі – 76 балл.

Қаңтар ҰБТ-сына барлығы 123 мыңға жуық талапкер қатысты. Олардың қатарында жоғары оқу орнына шартты негізде қабылданған 1-курс студенттері, шығармашылық білім беру тобынан басқа дайындық бағыттарына, сонымен қатар педагогикалық бағытқа ақылы негіде ауысқысы келетіндер және биыл мектеп бітіруші түлектер бар. 102 мыңға жуық талапкер шекті балды жинаған, яғни 50 балдық межеден өткен. Бұл қатысушылардың 83 пайызын құрайды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.

"Қаңтар ҰБТ-сының орташа баллы 76 балл болды. Ең жоғары балл 139 баллды құрады. Оны Қазақстан бойынша 5 талапкер жинаған. Бірақ бұл жерде тағы да бір мәселені ерекше атап өткім келеді. ҰБТ аяқталғаннан кейін пост-мониторинг жүргізіледі. Барлық видео және компьютер блоктар тексеріледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұушылық анықталса, талапкердің қаңтар ҰБТ-сы бойынша нәтижесін, сертификатын жоюға құқығымыз бар", – деді орталық директоры.


Оқи отырыңыз: 14 – 18 ақпандағы ҰБТ-ға тегін дайындық сабақтар кестесі


Тест тапсырушылардың 95 мыңы (77%) – қазақ тілінде, 28 мыңы (23%) – орыс тілінде, 91 түлек ағылшын тілінде тест тапсырған. 

Талапкерлердің жиі таңдаған пәндер комбинациясының үштігіне:

  1. "математика-физика"
  2. "биология-химия"
  3. "математика-информатика" кіреді. 

Руслан Емелбаевтың айтуынша, тестілеу үшін өзінің орнына бөгде адам кіргізу фактісі анықталмаған. Жалпы, тест тапсыру барысында ережелерді бұған үшін 98 адам аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылған. Ал тестілеуге кіру барысында тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 62 тестіленуші ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. 


Оқи отырыңыз: ҰБТ-2023: Оқуға түсу үшін қанша балл жинау қажет?


Айта кетейік, биыл ҰБТ-да бірқатар өзгерістер бар. Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтары беске көбейіп, керісінше оқу сауаттылығының сұрақтары азаяды:

  • "Қазақстан тарихы" пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырма (20 балл) болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары, 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген тапсырмалар (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).
  • "Оқу сауаттылығы" пәнінде талапкерлерге 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы (15 балл) беріледі.

Сонымен қатар ҰБТ тапсырмаларының құрылымы да өзгеріске ұшырайды:

  • 1 дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін;
  • 1 немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (3 дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін қысқарады.
Серіктестер жаңалықтары