Танымал әнші Қайрат Нұртас орындап жүрген "Алматының түндері-ай" әніне байланысты авторлық құқық дауы шықты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алматы тұрғыны Сандина Қайратова бұл хит туынды күйеуі Әлішер Қайратовқа тиесілі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әннің сөзі, әуені және аранжировкасы толықтай жолдасына тиесілі, сондай-ақ авторлық құқықты растайтын құжаттар да бар.
Сандина Қайратованың сөзіне қарағанда, әнші ұзақ жылдар бойы бұл туындыны рұқсатсыз концерттер мен тойларда орындап, коммерциялық мақсатта пайдаланып келген. Ерлі-зайыпты мәселені бейбіт жолмен шешуді қалайтынын айтып, қажет болған жағдайда авторлық құқық бойынша шағым түсіруі мүмкін екенін жеткізді.
"Біздің тек айтқымыз келетіні – мұндай мәселелер бізбен ақылдасып шешілсе екен", – деді ол.
Ал Қайрат Нұртастың командасы бұл жағдай туралы жақында ғана әлеуметтік желілер арқылы білгенін мәлімдеді. Әншінің әкімшісі Жанардың айтуынша, қазіргі уақытқа дейін ресми шағым түспеген.
"Авторлық құқықтарға қатысты туындауы мүмкін кез келген мәселеге құрметпен қараймыз және конструктивті диалогқа ашықпыз", – деді ол.
Айта кетейік, "Алматының түндері-ай" әні кейінгі 10 жылдан астам уақыт ішінде қазақстандықтардың сүйікті хиттерінің біріне айналып, түрлі концерттер мен мерекелік кештерде жиі орындалып келеді.
Сонымен қатар Сандина Қайратова жолдасымен бірге бұл әннің жаңа нұсқасын әзірлеп жатқанын да мәлімдеді.