Пәтерді қайта жоспарлағандар құжатсыз қалуы мүмкін. Пәтер жөндеудегі жаңа талаптар

Фото: magass
Фото: magass
Қабырға бұзып, балконды бөлмеге айналдырғандарға жаңа талап қойылды.

Қазақстанда пәтерін өз қалауынша қайта жоспарлап, кейін оны заңдастыра алмай жүрген азаматтар көп. Мамандардың айтуынша, жөндеу кезінде заң талаптарын білмеу кейін тұрғындарға қосымша шығын мен қиындық әкелуі мүмкін. Әсіресе қабырға бұзу, балконды тұрғын бөлмеге айналдыру немесе көрші бөлмені қосу сияқты өзгерістерге ерекше талап қойылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мамандардың айтуынша, пәтердің жоспарындағы кез келген өзгерісті өз бетінше жасауға болмайды. Рұқсатсыз қабырғаны бұзу немесе есік жақтауын кеңейту ғимараттың беріктігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Өскемен қаласы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Аружан Кемпірбаеваның сөзінше, егер тұрғын рұқсатсыз өзгеріс енгізсе, үйдің техникалық паспортында көрсетілген бастапқы жоспарды қайта қалпына келтіруге тура келеді.

"Қолыңызда техникалық құжат бар, техникалық паспорт бар. Бұған қай жерде қайтіп көрсетіліп тұр, тура солай қайтарасыз. Яғни, қайта орнына қоясыз. Әйнекті, есікті орнына қоясыз. Сол кезде біз қайта заңдастырамыз. Іс жүзінде ондай кісілер өте көп", – деді маман.

Кіреберістегі ортақ орынды қосып алу немесе көршінің бөлмесін сатып алып, пәтерге біріктіру де жиі кездесетін жағдайлардың бірі.

Панельді үйлерде мұндай өзгерістерге жол берілмейді. Ал монолитті немесе кірпіш үйлерде көршінің бөлмесін сатып алып, арнайы рұқсат арқылы өз пәтеріне қосуға мүмкіндік болуы мүмкін. Тұрғын үйдің құрылымын өзгертуге қатысты тағы бір маңызды шектеу – балконды тұрғын бөлмеге айналдыруға немесе оған ас үй орналастыруға болмайды. Сонымен қатар мамандар заңға қайшы келмейтін кейбір жөндеу түрлерін рұқсатсыз жасауға болатынын айтады.

Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Дәулет Әбілқасымның айтуынша, инженерлік жүйелерге тиіспей батареяларды ауыстыруға, ішкі есіктерді олардың көлемі мен орнын өзгертпей жаңартуға болады. Сондай-ақ жуынатын бөлме мен дәретхана арасындағы қабырғаны алып тастауға мүмкіндік бар.

Бұған дейін заңсыз құрылыс жұмыстарын жасап, кейін айыппұл төлеп, өзгерісті құжаттандыруға мүмкіндік болған. Алайда 1 шілдеде күшіне енген Құрылыс кодексіне сәйкес, бұл тәртіп өзгерген. Енді заңсыз жасалған өзгерістерді кейін айыппұл төлеу арқылы заңдастыруға жол берілмейді.

Сондықтан мамандар пәтерді қайта жоспарламас бұрын оның заң талаптарына сәйкестігін анықтап, тиісті мамандармен және сәулет-құрылыс органдарымен алдын ала кеңесуге шақырады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау