Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнынан жан-жақты барлау барысында жаңа мұнай шоғыры табылды. Енді шығарылатын мұнай қорының өсімі 39,9 млн тоннаны құрайды, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі.
"Көмірсутек қорының өсімі компанияның экономикалық көрсеткіштеріне елеулі әсер етеді. 2017 жылы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ, "Өзенмұнайгаз" АҚ, "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС және "Ақтау қаласындағы ҚМГ Инжиниринг" филиалының геологтар тобы Өзен кен орнын жете барлаудың егжей-тегжейлі бағдарламасына бастамашы болды. Осы бағдарлама шеңберінде 2017-2021 жылдары ішінде жоғары көрсеткішті сейсмобарлау 3D түсірілімі (368 шаршы км) жүргізілді, барлық ұңғыма қорына қайта талдау жасалды (7500-ден астам), геологиялық тұжырымдамасы қайта қаралды және геологиялық 3D-үлгісі қайта құрастырылды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мұнай – қазақтың бағы ма, соры ма?
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кен орнының құрылымы нақтыланды және жаңа мұнай шоғыры табылды. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Өзен кен орнының мұнай қоры 8%-ға ұлғайды, бұл өз кезегінде шығарылатын қордың 39,9 млн тоннасын құрап отыр.
"Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясы көмірсутектің нақтыланған көлемін 2021 жылдың соңында балансына қабылдады. Қазіргі уақытта жаңа қорды есепке алу және оларды өндіруді жоспарлау мақсатында кен орынды игеру жобасына түзету енгізілуде", – деді компанияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Петропавл тұрғындарының тең жартысының бес тәуліктен бері жөнді жылу ала алмай отырғаны туралы хабарлаған едік. Қалададағы жалғыз жылу электр орталығында күзден бері үш рет апат болды.