Оқу-ағарту министрлігі "Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қағидаларын" бекітті. Онда оқушылардың смартфонды мектепте қандай жағдайда қолдана алатыны айқындалған. Мұндай жағдайлар үшеу:
- Біріншіден, педагогтің нұсқауы бойынша оқу мақсатында. Мысалы, мұғалім оқу тапсырмасын орындау үшін телефонды пайдалануды қажет деп тапса, оқушы құрылғыны сабақ барысында қолдана алады.
- Екіншіден, оқушының немесе басқа адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда телефон пайдалануға рұқсат беріледі.
- Үшіншіден, оқушының денсаулық жағдайына байланысты телефон қолдану қажет болса, оған да ерекшелік қарастырылған.
Қағидаға сәйкес, сабақ басталғанға дейін оқушы ұялы телефонын дыбыссыз режимге қоюы немесе толық өшіруі керек. Егер мектепте ұялы телефонды сақтауға арналған орын әзірленген болса, онда оқушы смартфонын сол жерде қалдырады. Арнайы орынды жасақтау және телефондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мектептің өз жауапкершілігінде болады.
Сондай-ақ, құжатта смартфонды сабақ кезінде қолдану тәртібі де түсіндірілген. Егер телефонды қолдану қажет болса, мұғалім алдымен оқушыларға тапсырманың мазмұнын, құрылғыны пайдалану тәртібі мен уақытын түсіндіреді.
Сондай-ақ педагог оқушының тапсырманы өз бетінше орындауына қойылатын талаптарды және телефонды пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін белгілейді. Телефонды қолдануды бастау және тоқтату туралы нұсқауды да мұғалім береді.
Оқу тапсырмасын орындау кезінде оқушы фото, видео түсіріп, аудио жаза алады. Бірақ, бұл үшін мұғалімнің рұқсатын алуы тиіс.
Депутат "Келешек мектептерінде" инженерлік-техникалық үйірмелердің табысын жеке KPI ретінде енгізуді ұсынды
Депутаттар амандасу әдебін мектептегі тәрбие жұмысына енгізуді ұсынды