Тікелей эфир

Олжас Бектенов: Үкімет бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеуде

Фото: Үкіметтің ресми сайты
Фото: Үкіметтің ресми сайты
Оны Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында жақын арада бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер ұсынылатынын атап өтті, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі

"Президент "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Үкіметтің міндеті экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. Біз қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған орай, премьер-министрдің орынбасары Серік Мақашұлының жетекшілігімен Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеуде. Оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты мәселелер де бар. Аталған тәсілдер сарапшылар қауымдастығымен жан-жақты талқылаудан кейін ұсынылады", – деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, Үкімет отырысында Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу шаралары талқыланып жатыр. Олжас Бектеновтің айтуынша, Үкімет еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін жүйелі шаралар қабылдайды. 

"Ұзақмерзімді және тұрақты экономикалық өсу факторларының бірі – адами капиталды дамыту. Экономиканың дамуы және азаматтар әл-ауқатының артуы өз кәсібін жетік меңгерген мамандарға байланысты. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін тиісті іс-шараларды кезең-кезеңмен қабылдаймыз. Осыған байланысты мемлекет басшысы тарапынан 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды", – деді Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Тоқаев жарлыққа қол қойды


 

Серіктестер жаңалықтары