Тікелей эфир

"Өрлеу" орталығының Алматы филиалы жабылады: Жұмысшылар қайда барады?

Филиал қызметкерлері басшылық шешіміне наразы.

Алматыдағы мұғалімдердің біліктілігін арттыратын институт – "Өрлеу" БАҰО Алматы филиалы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын тоқтатады. Орталық жұмысшылары бұл шешімге наразылық танытып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қызметкерлер мекеме басшылығының бұл шешімі туралы екі апта бұрын ғана естіген. "Бес ай бұрын қабылданған шешімді енді ғана хабарлады" деген наразы жұмысшылар ендігі тағдыры қалай болатынын уайымдап отыр.

"Біз Алматы қаласындағы мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысамыз. Бізді жауып тастап, республикалық институтқа қосу шешімі қандай мақсатта қабылданғанын білгіміз келеді", – дейді Алматы қаласы бойынша кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі Жанар Ибраева.


Оқи отырыңыз: Тамара Дүйсенова: Диплом – біліктілік деңгейінің көрсеткіші емес


Филиал басшысы шешім алдында арнайы тексеру жүргізілгенін, алайда ешқандай ескерту болмағанын айтады.

"Басшылық ауысқан соң бірден тексеріс басталды. Институтты тексерді, қаржылық есептілік аудитін жүргізді. Ешқандай ескерту айтылған жоқ. Бәрі дұрыс. Оқыту курстарымыздан да кем-кетік таппады. Бірақ табан асты жабамыз деді. Неге? Соны түсінбей отырмыз. Әрі екі институт екі бағытта жұмыс істейді ғой", – дейді "Өрлеу" БАҰО" АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Раиса Сәдуақасова. 

Орталық филиалының жабылуына байланысты қазір мұнда қызмет ететін 41 жұмысшыны республикалық орталыққа және облыстық филиалдарға жұмысқа алу мәселесі қаралып жатыр.

"41 қызметкердің 35 басқа филиалдарға ауыстырылады. Қалған алты қызметкердің екеуі ұсынылған лауазымнан бас тартты. Біреуі зейнет жасындағы жүргізуші. Қысқартылған бір қызметкер жүйе әкімшісі. Іс жүзінде бұл қызметкер бойынша сұрақты шешіп жатырмыз", – деді "Өрлеу" БАҰО" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айжан Қырғызбекова.

"Өрлеу" өкілі кәсіби даму орталығы 1 қаңтардан бастап жабылатынын хабарлады. 

Серіктестер жаңалықтары