Тікелей эфир

Nur Otan партиясының атауын "Аманат" етіп өзгерту ұсынылды

Бүгін "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXII съезі онлайн форматта өтіп жатыр.

Парламент мәжілісінің төрағасы, палатадағы Nur Otan фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов партия атауын "Аманат" деп өзгертуді ұсынды. Бұл ұсынысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдады.

"Біз жаңа қазақстанды құруға кірістік. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін сіздің (ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.) бастамаңызбен ауқымды жобалар қоға алынуда. Оның барлығы жұрттың мақұлдауына ие болды, себебі жасалып жатқан жұмыстар халықтың мүддесін көздейді. Ашығын айтқанда елімізбен бірге партия да жаңғыруы қажет. Ұйымның идеологиясын жаңа мазмұнмен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізуіміз керек. Осы орайда партияның табиғатын да, да атауын өзгертіп, жаңартуымыз керек деген санаймыз. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды. Партиямыз "Аманат" деген атауға лайық деген тоқтамға келдік. Бабаларымыз бізге Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Осы ел мен жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп табыстады. Енді оны біз келер ұрпақтарға лайықты аманаттауға тиіспіз", – деді Ерлан Қошанов.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұйымның атауын өзгерту туралы пікірталасқа қатысқанын, бірнеше ұсыныстың ішінен "Аманат" деген атауға тоқталғанын атап өтті. Осылайша делегаттар бір ауыздан "Аманат" деп атау туралы тоқтамға келді.

"Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар, киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етіп қалдыруымыз керек. Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз, міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия мұны берік ұстанады", – деді ел президенті.

Сондай-ақ, съезде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Партия мүшелері Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Ниғматулин Саяси кеңестен шығарылса, премьер-министр Әлихан Смайылов, Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, "Астана" медицина университетінің ректоры Қамалжан Надыров, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті Максим Рожин құрамға қосылды.


Оқи отырыңыз: Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясының саяси кеңесінен шықты


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары