Соңғы жылдары Қазақстан азаматтығын алған шетелдік кәсіпкерлердің қатарында халықаралық IT-компаниялардың негізін қалаушылар мен қаржы саласындағы ірі инвесторлар бар. Олардың арасында Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов, inDrive негізін қалаушы Арсен Томский және Higgsfield стартапының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов бар.
Кәсіпкерлердің бір бөлігі Қазақстанда компанияларының бас кеңсесін орналастырып, жергілікті мамандарды жұмысқа тартып жүр. Енді бірі қаржы, білім беру, технология және әлеуметтік жобаларға қатысады. Informburo.kz олардың Қазақстандағы қызметіне шолу жасады.
Алекс Машрабов және Higgsfield
6 қарашада Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын табыстады. Президент тиісті жарлыққа 30 қазанда қол қойған.
Алекс Машрабов бұған дейін Ресей азаматы болған. Ол AI Factory стартапын құрды. Кейін бұл жобаны америкалық Snap компаниясы сатып алғаннан кейін Машрабов осы компанияның жасанды интеллект бағытына жетекшілік етті.
2023 жылы ол қазақстандық Ерзат Дулатпен бірге Higgsfield компаниясының негізін қалады. Higgsfield-тің негізгі өнімі – генеративті жасанды интеллект технологиясына негізделген платформа. Ол пайдаланушыларға оңай жолмен видео контент жасауға мүмкіндік береді. Компанияның қызметі жарнама, маркетинг және цифрлық контент өндірісі салаларында қолданылады.
Министр Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, Higgsfield командасының 95 пайызы Қазақстан азаматтарынан құралған.
Арсен Томский және inDrive
inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстан азаматтығын 2023 жылдың соңында алды. 2022 жылы ол компаниясының бас кеңсесін Ресейдің Якутск қаласынан Алматыға көшірген.
2002 жылы құрылған inDrive сервисі бастапқыда такси шақыру қызметі ретінде жұмыс істеген еді. Кейін ол курьер, жүк тасымалы және басқа да қалалық қызметтерді қамтитын экожүйеге айналды.
Forbes Kazakhstan-ның 2026 жылғы мамырдағы есебінде кәсіпкердің байлығы 865 млн доллар деп бағаланды. Ол Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде 12-орынға орналасты. Ал inDrive компаниясының қызметі 48 елдегі 1065 қалаға таралған.
Қазақстандағы қызметін кеңейту аясында компания 2025 жылы отандық "Рядом" экспресс-жеткізу сервисін сатып алды. Бұған дейін ол Choco Holding құрамында болған.
Арсен Томскийдің Қазақстандағы қызметі технологиялық бизнеспен шектелмейді. 2025 жылы ол Satbayev University-мен бірге inVision U білім беру жобасын іске қосу туралы келісім жасасты. Жоба Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан дарынды мектеп түлектеріне тегін жоғары білім беруді көздейді. 2025 жылдың қыркүйегінде алғашқы студенттер дайындық бағдарламасына қабылданды.
Кәсіпкер – Алматыдағы ауаның сапасын зерттеуге бағытталған Almaty Air Initiative сараптамалық орталығының да тең құрылтайшысы. 2026 жылы бастама халықаралық деңгейге шығып, Taza Initiative атауымен жұмысын кеңейтетінін хабарлады.
Сонымен қатар Арсен Томский – Айдын Рахымбаевпен бірге Mother’s Home International Foundation қорының тең құрылтайшысы. Қордың қызметі қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба бірнеше елде жұмыс істейді.
2026 жылғы тамызда Арсен Томский қазақ қызы Камила Лұқпановаға үйленгенін жариялады. Жұптың құда түсу және сырға салу рәсімдері қалыңдықтың туған қаласы Оралда өткен.
Тимур Турлов және Freedom Holding Corp
Тимур Турлов Қазақстан азаматтығын 2022 жылы алды. Ол – 2008 жылы құрылған Freedom Finance компаниясының негізін қалаушы. 2019 жылы кәсіпкер түрлі бизнес активтерін Freedom Holding Corp. холдингіне біріктіріп, компанияны Nasdaq қор биржасына шығарды.
Forbes Kazakhstan дерегінше, 2026 жылғы мамырда Тимур Турловтың байлығы 5,2 млрд долларға бағаланып, елдің ең бай кәсіпкерлері тізімінде 6-орында тұр.
Қазір холдингтің Қазақстандағы қызметі банк, брокерлік және сақтандыру қызметтерін, телекоммуникацияны, электронды төлемдерді, онлайн сауда мен туристік сервистерді қамтиды. Олардың қатарында Freedom Bank, Freedom Finance, Freedom Telecom, Arbuz.kz, Freedom Travel және Freedom Ticketon бар.
2026 жылғы Forbes Kazakhstan дерегінде холдингтің Қазақстандағы активтері арасында Қарағандыдағы "Сары-Арқа" халықаралық әуежайы, Alatau Air Cargo жүк тасымалдаушы компаниясы, Семей цемент зауыты және Астанада салынып жатқан Akashi Data Center деректер орталығы да аталған.
Тимур Турловтың қызметі спорт пен білім беру салаларын да қамтиды. Ол Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар IQanat білім беру жобасына қатысады және Qalam мәдени-ағартушылық жобасының негізін қалаған.
2026 жылғы 26 қыркүйекте Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланды.
Бұл ел бюджетіне қалай әсер етеді?
Шетелдік кәсіпкердің Қазақстан азаматтығын алуы оның ел бюджетіне автоматты түрде көбірек салық төлей бастайтынын білдірмейді. Қазақстанда жеке тұлғаларға салық салу тәртібі азаматтыққа ғана емес, салық резиденттігіне де байланысты.
2026 жылдан бастап қолданылатын Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанның салық резиденттері елдегі және шетелдегі табыстарына салық төлейді. Ал бейрезиденттер Қазақстандағы бизнесінен түскен табысы бойынша салық міндеттемесін орындайды. Салық резиденттігін анықтау кезінде адамның елде болған уақыты мен өмірлік мүдделер орталығы ескеріледі.
Осыған байланысты азаматтық алған кәсіпкердің салық міндеттемесі оның Қазақстанда тұруына, табыс табу көзіне және активтерінің құрылымына қарай анықталады. Мысалы, кәсіпкердің шетелдегі компаниялардан алатын табысы мен Қазақстандағы компаниялардан түсетін кірісіне салық салу тәртібі бірдей болмауы мүмкін.
Сонымен қатар кәсіпкердің жеке табыс салығы мен өзі иелік ететін компаниялардың корпоративтік салық төлемдерін ажырату қажет. Компания Қазақстанда тіркеліп, осында қызмет жүргізсе, оның салық міндеттемелері құрылтайшысының азаматтығына емес, заңды тұлғаның қызметіне және салық заңнамасына байланысты есептеледі.
Оқи отырыңыз:
Higgsfield құрылтайшысы, миллиардер Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды
"Қазақ тілін білу талабы жеңілдетіледі". Қазақстан азаматтығын алу тәртібі қандай