Қазақстанда 1 сәуірден бастап 105 реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеттің шешімімен тоқтатылды. Бұл заңсыз және осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлады Қазақстан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы.
Қауымдастық сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жаппай жою мақсатын көздейтін жұмыстар жүріп жатыр.
Қауымдастық төрағасы Сергей Агафоновтың түсіндіруінше, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғалы бері елде заңды тұлғалар электр энергиясын кімнен сатып алатынын өзі таңдау құқығына ие болып келген. Яғни, бәсекелік нарықтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымды таңдай ма, әлде мемлекеттік реттелетін ұйымды таңдай ма – өз еркі. Бұл ретте, біріншісінің бағасы төмен болатыны – заңдылық. Өйткені, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы бәсекеге электр энергиясының құнының төмен болуына әкелетін.
"Сәйкесінше, электр энергиясын көп қажет ететін кәсіпкерлер мүмкіндігінше энергиямен жабдықтаушы ұйымды бәсекелі нарықтан іздеуге тырысатын. Ал энергияны көп қажет етпейтіндері үшін реттелетін нарықтың қызметі ыңғайлы болатын. Алайда, қазір ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеті бәсекелі нарықта жұмыс істеп жүрген энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жауып, бәрін реттелетін нарыққа өткізуге әрекет етіп жатыр", – дейді Сергей Агафонов.
Ол бұл туралы бұған дейін де мәлімдеп, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Бас прокуратураға хат жолдағанын хабарлаған болатын.
Оқи отырыңыз: Монополизация рынка энергоснабжения окажет негативное влияние на экономику Казахстана
Қазақстан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы өкілдері Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеттің бұл әрекеті елдегі монополизациямен күреске қайшы екеніне және керісінше саладағы монополияның күшеюіне дем беретініне сенімді.
Еске салайық, Қазақстанда 1 сәуірден бастап 105 энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметі тоқтады. Қазақстанда барлығы мұндай 140 ұйым бар. Олардың тарифі мемлекет тарапынан реттелмейді. Бұл ұйымдарда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
"Реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың штатында бір-екі адам ғана жұмыс істейді. Олар ірі заңды тұлғалармен келісімшарт жасап, пайда тауып отыр. Олар мемлекетке өз зиянын тигізіп отыр", – деген болатын Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев.