Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Қазақстандағы макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу керек екенін айтты.
Президенттің айтуынша, бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу қажет. Себебі, салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны тұрақсыз.
"Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны тұрақсыз. Кейбір мамандар "Салық жеңілдіктері өте көп болған соң, түсім азайып жатыр" дейді. Бұдан басқа да себептер айтылады. Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті", – деді президент.