Тікелей эфир

Мәжіліс депутаттары Аса өзенінің суын Билікөлге жіберуді ұсынды

Олар көл түбін зиянды заттардан тазарту бойынша нақты іс-шаралар өткізу керектігін айтты.

Депутаттар Елдос Абақанов, Еділ Жаңбыршин мен "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының депутаты Айжан Сқақова Аса өзенінің суын Билікөлге жіберуді сұрады. Сондай-ақ, олар көлге топографиялық түсірілім жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

Ауданы 86 шаршы шақырым Билікөл Жамбыл облысындағы Қаратау жотасының бөктерінде орналасқан. Ол 1972 жылдан бастап Қазақстанның ластанған су қоймаларының тізіміне кіреді. Көлге 1971-1985 жылдары Жамбыл "Химпром" өндірістік бірлестігінен және Жамбыл суперфосфат зауытынан Талас – Аса өзендерінің арнасы арқылы фосфор, фосфаттар, фторидтер, азот тобының қосылыстары сияқты ластаушы заттар түскен.


Оқи отырыңыз: Атыраудағы Жайық өзені тартылып барады


"Көлде ластаушы заттардың деңгейі өте жоғары болғандықтан, мұндағы флора мен фауналар жойылды. 1983 жылдан бастап көл таза су қоймасы ретінде тіршілігін тоқтатты. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары судың аздығынан Аса өзенінің ағыны 50-60 пайызға дейін төмендеді, соның салдарынан Билікөлдің су қорын толықтыру азайды. 80 жылдары көлді сақтау үшін бөгет салынды, Аса өзені бойымен көлге санитарлық су жіберілді, бірақ бұдан ешқандай нәтиже болмады. Қазіргі кезде көлдің зиянды биохимиялық құрамы және ластану қаупі өте жоғары", – деп алаңдаушылық білдірді халық қалаулылары.


Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстан облысында Қалжыр өзенін ластағандар жауапқа тартылды


Осы орайда, депутаттар Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға келесі кешенді жұмыстарды жүргізуді ұсынды:

  • көлге топографиялық түсірілім жүргізу;
  • Аса өзенінің суын Билікөлге жіберу;
  • көл түбін зиянды заттардан тазарту бойынша нақты іс-шаралар өткізу;
  • алдағы уақытта қалалық кәріздік құрылғы арқылы биологиялық тазартудан кейін шығатын сулардың сапасына ерекше назар аудару;
  • және Билікөлдің суын қандай мақсатта пайдалануға болатынын анықтау.  

Еске салсақ, Сырдария өзені деңгейінің түсіп кетуінен аймақтағы 17 көлдің тартылғаны туралы хабарлаған едік. Өзендегі су мөлшері биыл жылдағыдан 35 пайызға аз.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары