Елде жерлеу қызметінің құны өсті. Әсіресе Маңғыстау облысында бірден 62 пайыз қымбаттаған. Өңірде бір адамды ақтық сапарға шығарып салу үшін кемінде 300 мың теңге қажет. Құлпытасты жасайтын мамандар бұған Украинадан келетін гранит тасының қымбаттауы әсер етіп отырғанын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Маңғыстау облысында бір табыттың құны – 70 мың, ал ең арзан құлпытас – 40 мың теңге. Адамды мәйітханадан алып кетіп қабір қазу құны – 170 мың теңге, көлік жалдау бағасы – 15 мың, мәйітті орайтын мата – 10 мың теңге тұрады.
"Бұл – қай уақыт, қай дін, конфессияда болмасын, өте қымбат болатын қызмет. Қазір барлық заттың бағасы өсіп жатыр", – деді тұрғын Азиз Шайхутдинов.
Қызмет құнының қымбаттығы бойынша бұдан кейінгі орында Алматы мен Атырау облыстары тұр. Ал Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында жерлеу қызметінің құны былтырғы бағаның төңірегінде.
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанда қайтыс болғандар саны 5 мыңға артып, жерлеу рәсімі қызметтері 82,2% қымбаттады
"Украинадан зат әкелу аса қиынға соғып отыр. Себебі, Украинаға Ресей арқылы келетін жол жабық. Тасымызды Еуропа, Түркия, Грузия және Әзербайжан арқылы Ақтау портына алып келеміз. Ресей арқылы бір аптада келіп жүрген көлігіміз қазір Еуропа арқылы бір айда келеді. Ал бұл өз кезегінде өте қымбатқа түсіп отыр", – деді кәсіпкер Қанат Айтжанов.
Кәсіпкерлер үкіметтен бұл мәселені ескеріп, логистикалық бағытты бір ізге салуды сұрап отыр. Айтуларынша, қазір шетелден шикізат алатын кәсіп иелері әбден шығынға батқан. Осы орайда, шығынды жабу үшін бағаны көтеруге мәжбүрміз, дейді.
Оқи отырыңыз: Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова жерленген қорымды су шайып жатыр